Экс-әкім Амандық Баталов алиментке қатысты сотта жеңіліп қалды

Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы алимент өндіру ісіне қатысты экс-әкім А.Баталовтың апелляциялық шағымын қарады.
Бір айға жуық қаралған апелляциялық шағымның шешімі шықты. Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы Амандық Баталовтың шағымын қанағаттандырмады.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың соңында талдықорғандық келіншек Қарлығаш (белгілі себептермен есімі өзгертілді – ред.) NEGE-ге сұхбат беріп, Алматы облысының экс-әкімі Амандық Баталовтан бала тапқанын, бірақ бұрынғы әкім алиментті дұрыс төлемей жүргенін мәлімдеген болатын.
А.Баталов қазір 171 мың теңге алатын зейнеткер ретінде қызына ай сайын 42500 теңге төлейді екен.
2024 жылы 25 қаңтарда борышкер А.Баталовтың екінші деңгейлі банктегі есепшотына 85 млн теңге, 15 сәуірде 447 млн теңге түскен. «Халық банктің» дерегіне қарағанда, 2024 жылы 15 сәуірде борышкер бір есепшоттан екіншісіне 85 млн теңге аударған. «Forte Bank» есебінше, 25 қаңтарда А.Баталовтың шотына Бағда Баталова (А.Баталовтың жұбайы – ред.) 447 млн теңгені «күйеуім Амандық Ғаббасұлы Баталовқа қайтарымсыз көмек» деген мақсатпен аударған. Осылайша Баталовтың шотына миллиондаған теңге «қайтарымсыз көмек» түскен.
Егер бұл қаржы А.Баталовтың табысы болса, қызының еншісін беруге міндеттеледі. Алайда жеке сот орындаушы Н.Жаданов қарызды анықтау туралы арызды қанағаттандырудан бас тартады. Аталмыш қаулыны 17 шілдеде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық соты бұзды. Бірақ А.Баталов Алматы қалалық сотына апелляциялық шағым түсірген.
2025 жылдың 17 маусымында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық соты шығарған шешім күшінде қалды.
«Кеше Алматы қалалық соты Баталовтың апелляциялық шағымы бойынша шешім шығарды. Баталовтың апелляциялық шағымы қанағаттандырылған жоқ. Бұл дегеніміз, HALYK банкіндегі 447 миллион және 85 миллион теңге оның табысы болып есептеледі. Осы сомадан алимент бойынша қарызы анықталады. Сотқа рақмет, дегенмен қарсы тарапқа екі рет медиация арқылы бітімгершілік келісім жасауға мүмкіндік берілді. Олар бұл мүмкіндікті пайдаланбады.
Әрине, олар бұл мәселені шешуге немесе жағдайды өз пайдасына бұруға болады деп ойлаған шығар. Алайда біз қазір жаңа Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз және шешім заңға сәйкес қабылданады. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының шешімі заңды күшіне енгеннен кейін орындауға жіберіледі, ал жеке сот орындаушысы Н.Жаданов қарыз сомасын белгілейді. Бұл қарызды олар қайтадан даулауы мүмкін. Қарсы тарсы тарап мұндайға бармайды деп ойлаймын», – деді адвокат Гүлшат Азаматова.