Экоталаптарды бұзған шетелдік компанияларға айыппұл неге доллармен салынбайды?
Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттар сауалына берген жауабында экология талаптарын бұзған шетелдік компанияларға айыппұл неге теңгемен салынатынын түсіндірді.
Астана, NEGE. Мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса мен Азат Перуашев үкімет басшысының атына жолдаған сауалында бірнеше мысал келтіріп, экологиялық талаптарды бұзған шетелдік компанияларға салынатын айыппұлды теңгемен белгілеу «Қазақстан үшін зиянды, ал шетелдік компаниялар үшін тиімді тәжірибе» екенін атап өткен.
Депутаттар келтірген дерекке сүйенсек, Қазақстан 2023 жылы наурыз айында Қашаған жобасынан экологиялық талаптар бұзылды деп North Caspian Operating Company N.V. 2,3
трлн теңге – 5,1 млрд доллар (сол кездегі бағам бойынша) мөлшерінде экологиялық айыппұл төлеу туралы талап қойған.
Кейінірек, бұл айыппұл, шамамен 150 млрд доллар көлемінде өтемақы туралы жиынтық талаптарға дейін кеңейтілген. Алайда екі жылдық сот процестерінің қорытындысы бойынша даудан ұтылып, осы уақытқа дейін бұл айыппұл өндірілмеген.
Бұл ретте, сарапшылардың бағалауы бойынша, теңгенің 2023 және 2025 жылдар арасындағы долларға шаққандағы бағамдық айырмасының нәтижесінде, теңгемен есептелген айыппұл сомасы шамамен 1 млрд долларға қысқарған.
«Мұнай экспорттаушылардың табысы доллармен есептеліп, ал айыппұлдарды теңгемен
белгілеу даулардың қаралуы барысында олардың құнсыздануына әкеп соғады», – дейді депутаттар.
Олар үкіметке жер қойнауын пайдаланушы – экспорттаушыларға арналған ірі айыппұлдарды, олардың табысын алатын валютада есептеуді міндеттеуді ұсынған.
Алайда премьер-министр жауабында заңнамаға сәйкес мұндай айыппұл ұлттық валютада ғана салынатынын атап өтті.
«Қазақстан аумағындағы экологиялық құқықбұзушылықтар мәселелері тек ұлттық заңнама шеңберінде ғана қаралады. Экологиялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдар Экологиялық кодекске және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес ұлттық валютада салынады.
Осыған байланысты айыппұлдарды шетел валютасына теңестіру, сондай-ақ осыдан туындайтын валюталық мәндегі "шығындар" туралы тұжырымдар мұндай өндіріп алулардың құқықтық табиғатына сәйкес келмейді және құқық қолдану тәжірибесінде қолданылмайды», – делінен Бектеновтің жауабында.
Бұған қоса Бектенов мемлекет мүдделерін қорғау жөніндегі жұмыс ерекше бақылауда тұрғанын баса айтқан.