Құрылтай — 23 тамыз
USD
USD
USD

Экономист Алматыдағы автотұрақтардың құнын 1 мың теңгеге дейін көтеруді ұсынды

Экономист Айдархан Құсайынов Алматыдағы кептеліс мәселесін шешу үшін қаладағы автотұрақ ақысын сағатына 1000 теңгеге дейін көтеру қажет деп есептейді.

ақылы тұрақ
Фото: El.kz

Астана, NEGE. Оның пікірінше, автотұрақтың құнын арттырып, қала көшелерін көліктерден босату кептеліс мәселесін шешіп, қоғамдық көліктің жұмысын жолға қоюға көмектеседі. Ал кептелісті азайту үшін көшелерді кеңейту шешімі жаяу жүргіншілерден, қала тұрғындарынан кеңістікті тартып алу деп санайды экономист. 

Бұл ретте Айдархан Құсайынов «қоғамдық кеңістік жеке кеңістіктен қымбат болуы» керек деген уәж айтады. Оның есебінше, Алматыда 10 шаршы (автотұрақ орнының көлемі) метрлік пәтерді ұзақ мерзімге жалға алу құны тәулігіне орта есеппен 2000 теңгеден айналады. Қысқа мерзімді жалдау кезінде, әсіресе қала орталығында, бұл баға 5-8 мың теңгеге жетеді, ал коммерциялық нысандардың жалдау ақысы бұдан да қымбат. Ал автотұрақтың құны таңертеңгі 8:00-ден кешкі 19:00-ге дейін сағатына 100 теңге деп есептегенде, тәулігіне 1100 теңге шығады. 

«Бұл – орталыққа тіркеме қойып, сонда тұруға болады деген сөз. Қоғамдық кеңістік жеке кеңістіктен қымбат болуы керек. Үш сағат бойы бос тұрмаған бір автотұрақ орнының кесірінен маңайдағы кофеханалар, дәмханалар, дүкендер мен сервис орталықтары 5-8 клиенттен қағылады. Адам шай ішіп, оған 300 теңге төлейді, ал қала мен бизнес (салық арқылы) мыңдаған теңгеден қағылады», – дейді экономист.

Ол, сондай-ақ, автотұрақтың жанама салдарына да тоқталып өтеді. Оң жақтағы жолақпен келе жатқан жүргізушілер бос орын іздеп қозғалысты тежейді. Такси жүргізушілері осы жолақтың бойында жолаушыларды түсіреді де, ол екінші «автотұрақ жолағына» айналады. Соның салдарынан қозғалыс баяулайды. Кептелісте жүйкесі жұқарып, төбелес шығаратындар мен ұсақ жол апаттарына да тұрақта тұрған көліктер әсер етеді, деп санайды экономист.

«Автотұрақ бағасын көтермей, қабылданатын шаралардың мәні жоқ» деген Айдархан Құсайынов  автотұрақ бағасын 1000 теңгеге дейін көтерсе, жағдай өзгеретінін алға тартады.

«Жұмысқа немесе ұзақ кездесуге бара жатсаң, метроға не автобусқа отырған тиімдірек болады: 2-8 мың теңге деген едәуір сома. Бос автотұрақ орындары пайда болады – бір орын іздеп қосымша 15 минут айналмайсың, көлік қозғалысы жылдамдайды, ауа тазарады», – дейді ол.

Экономист «бұл ұсыныс әлеуметтік жарылысқа әкеп соғады» деген пікірмен келісе қоймайтынын, керісінше автотұрақ бағасының өсуінен такси жүргізушілері, тасымалдаушылар, автобус жүргізушілері, «жол бойындағы бизнес» пен қала тұрғындары ұтатынын атап өтеді.

«Бұл – қала бюджетіне түсетін адал әрі әділ қосымша қаржы. Алматы қаласының қоғамдық кеңістігін сағатына 100 теңгеден жалға беру – қала бюджетінің толық түспей қалған табысы деуге де болады», – дейді Құсайынов.

Экономистің пікірінше, көліктерді жылыту уақытын шектеу, «жасыл аймақтар» бөлу, қоғамдық көлік жолақтарын енгізу, BRT сияқты шаралар мәселені түпкілікті шешпейді.

Қазір оқып жатыр

Журналист Гүлнар Бажкеноваға үкім шықты

Гүлнар Бажкенова

ОСК: Аккредиттелген байқаушылар саны Құрылтай сайлауына халықаралық қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді

Нұрлан Әбдіров

Бақытжан Базарбек көлікпен қағып кетті деген жігіттің туыстары мәлімдеме жасады

Бақытжан Базарбек және жәбірленуші тарап

Тоқаев төтенше жағдайлар министріне өрт қауіпсіздігі деңгейін көтеруді тапсырды

Тоқаев, Әрінов