19 Сәуір 18:31
...

«Экономика ҚҰЛДЫРАЙДЫ, инфляция ШАРЫҚТАЙДЫ, жұмыссыздық ЖАЙЛАЙДЫ...» – Белгілі экономист билікті сойып салды

Фото:
Бүгін Астанада Президент Қасым-Жомарт Т

ОҚАЕВТЫҢ төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша кеңес өтті.

Кеңеске Премьер-министр Әлихан СМАЙЫЛОВ, Парламенттің қос палатасының спикерлері, мемлекеттік органдардың жетекшілері, Үкімет мүшелері, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыс әкімдері, облыстық және аудандық мәслихаттардың өкілдері қатысты.

«Сіздер мемлекетшіл-реформатор болуларыңыз қажет. Реформаларымыздың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев жиында.

Фото: Ақорда

Бұл жиынның басты ерекшелігі, өткір мәселелер, түйткілдер ашық айтылды. Десе де, қоғамда түйіннің тарқатылу амалдарына қатысты сауал көп.

NEGE тілшісімен сұхбатында экономист Айдар ӘЛІБАЕВ Президент төрағалық еткен жиында айтылған нәрселерге сарапшы ретінде баға берді   

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте жарияланған реформаларды өте баяу жүзеге асырып отырғаны үшін үкіметке сын айтқандай болды. Экономист ретінде бұған алып-қосарыңыз бар ма?

– Баяу жүріп жатқан реформа дей ме? Қандай реформа? Ешқандай реформа жасалып жатқан жоқ. Тіпті, баяу жасалып жатқан бір реформаны көрсетсінші көзімізге. Сондықтан ол өзі тағайындаған премьерді сынай алмайды.

Оны неге тағайындады? Өйткені, одан басқа ешкімді білмейді. Тағайындайтын нақты үміткерлері де жоқ. Ескі үкіметті қалдырғаны да сондықтан.

Бүгінгі жиында айтылған дүниелердің осы сөздер жазылған қағаздай да құны жоқ. Сандары шындықпен сәйкес келмейді. Бәрі бос сөз.

А.Әлібаев. Фото: Азаттық

– Тоқаев децентрализация мәселесін қозғады. Өзін-өзі басқару заң жобасы әлі қабылданған жоқ. Енді қолға алынуы тиіс. Осы жөніндегі пікіріңіз қандай?

– Шынтуайтында, елімізде децентрализация атымен жоқ. Керісінше, мейлінше бір орталыққа бағындырылған. Барша билік президенттің қолында шоғырланған. Бұдан елімізге келіп-кетер ешқандай пайда болмай тұр.

Жақсы, билік бір қолда болсын дейік. Ол қолындағы билігімен не істеп жатыр? Реформа жасап, әкімдерді, министрлерді ауыстырып жатыр ма? Жоқ, дәнеңе істеп жатқан жоқ. Онда бар билікті уысында ұстау неге керек?

Сөйте тұра, децентрализация жасау қажет деп отыр. Шындық қайда?

– Президент бүгін де жанармай бағасын өсіруге мәжбүр екенін мойындады. Басқа шараның жоқ екенін алға тартты. Расымен солай ма?

– Мен бұл пікірмен үзілді-кесілді келіспеймін. Өрескел қателік. Бұл Президенттің ұстанымындағы осалдықты байқатады. Меніңше, басқа амалдар жетіп артылады. Мәселені түбегейлі шешіп тастауға да болады. «Басқа амалымыз жоқ» деп қол қуысырып отырса, онда олардың шамасының жоқтығын мойындағаны. Не істеу керек екенінен бейхабар.

Демек, бұл – олар шекараны қалай жабуды білмейді, контрабандамен күресе алмайды деген сөз. Сонда, бұл қандай мемлекет болғаны?

«Бағаны көтеріп, адамдар мұны қалтасымен өтесін» дейді. Президент осындай сөзді айтуы тиіс пе?

Қ.ТоқаевФото: Ақорда 

– Мемлекет басшысы қиын-қыстау кезеңге тап келгенімізді айтты. Оның себептері де түсінікті. Әлемдегі геосаяси жағдай ушығып барады. Сіздіңше, экономикамызды алда не күтіп тұр?

– Бұл жерде президентпен толық келісемін. Қазір қиын кезеңде тұрмыз. Алдымызда бұдан да күшті ауыртпалық бар. Экономикамызды құлдырау, инфляцияның шарықтауы күтіп тұр. Жұмыссыздық жайлайды. Баға аспандап, Ұлттық банк тағайындайтын жоғары мөлшерлеме тағы да өсе түседі. Соның кесірінен азаматтардың тұрмысы нашарлайды.

– Бұған не себеп?

–  Өйткені, олар заңдарды өзгерткісі келмейді. Бір орталыққа бағынған билікті өзгерткісі жоқ. Өйтсе, әкімдерді сайлау керек болады. Сот жүйесінің тәуелсіз болуын қаламайды. Орта және шағын бизнес үшін салықты азайтқысы келмейді.

Премьер-министр Әлихан Смайлов биыл инфляцияны екі есе төмендетеміз деп мәлімдеді. Бұған қарамастан, жанармай мен электр қуатының бағасын өсірмек. Бұл – барлық нәрсе қымбаттайды деген сөз. Бұл қалай болғаны? Бір қолымен бағаны өсіріп, екінші қолымен инфляцияны азайтпақ па?

Смайловтың тағы бір жауапсыз мәлімдесіне қайран қалып отырмын. Биыл 1 миллион адамды жұмыспен қамтымақ. Олар отыз жылда мұны жасай алмаған! Мұны енді бір жылдың ішінде жүзеге асырмақ. Мұны айтып отырған – ең жоғары лауазымды шенеуніктің бірі! Премьер-министр! Ол өз сөзі үшін жауап беруі тиіс емес пе?

Ә.Смайылов. Фото: Ақорда

– Осы жиында Жаңаөзен мәселесі туралы да сөз болды. Жастардың бәрі бірдей мұнай саласында жұмыс істеуге ұмтылатыны сыналды. Сонда моноқалада олардың басқа салада жұмыс істеуіне қандай мүмкіндік бар?

– Жастардың жаппай мұнайшы болғысы келетіні түсінікті жайт. Өйткені, ең жоғары жалақы соларда. Екінші қырынан алғанда, бәрі бірдей жұмысқа тұра алмайды. Орындар шектеулі.

Бұл жерде билік өзінің шарасыздығын тағы да мойындады. Ол жерде басқа зауыт салуға не кедергі, сонда? Мұнай өңдейтін шағын зауыттар, химиялық кәсіпорындар, пластмасса өндіретін фабрикалар және тағысын тағыларды салсын. Бар әлем осылай жұмыс істеп отыр. Жұрттар өңдеу үшін мұнайды бізден сатып алып жатқан жоқ па? Ал біз мұнайдың үстінде отырсақ та, осының бірі де қолымыздан келмейді.

Тегтер: