Экологтар дабыл қақты: Пластикалық қалдықтың зияны орасан

Пластика қалдықтары 200-500 жылға дейін ыдырамайды. Дегенмен, деректер әлі жеткіліксіз болғандықтан, ол туралы дөп басып айтуға әлі ерте. Сол себепті әртүрлі тәжірибелер мен зерттеулер жүргізіліп келеді.
Оған мысал ретінде, ғалымдар 450 жыл аралағын қамтитын арнайы бақылау жүргізіп көрген. Кез келген адам пластикалық бөтелкенің ыдырау барысын қалаған уақытында бақылай алады. Нәтижесінде, зерттеушілер 119 күннің ішінде пластикалық бөтелкеге дым болмағанына таң қалған.
Алғаш рет пластик 1855 жылы Англияда жасалды. Ал 62 жыл бұрын Америкада алғашқы пластикалық (полиэтилен) пакет шығарылды. Пластика өте ыңғайлы және арзан материал болды. Сол себепті оны жаппай өндіріске енгізген кезде ешкім оның болашақта зиянын тигізетінін ешкім ойлаған жоқ.
Пластика туралы статистика не дейді?
Жыл сайын әлемде 330 миллион тонна пластик өндіріледі. Өндірілген пластиктің тек 5%-ы ғана қайта өңделеді. Мұхитқа минут сайын көлемі бір жүк көлігіне тең пластикалық қалдықтар төгіледі.
Қазір мұхитта 150 миллион тонна пластикалық қалдық бар екен. 2050 жылға қарай мұхитта пластикалық қалдықтар балықтан да көп болады. Мұхиттағы пластиктің шамамен үштен бір бөлігі киім жуу кезінде бөлінетін микро талшықтардан тұрады.
Әлем елдері пластикалық қалдықтармен қалай күресіп жатыр?
Әлем экологтары пластикалық қалдықтармен күресудің жолдарын іздеумен әлек. Екі жыл бұрын 193 елден өкілдер жиналып, пластикалық қалдықтарға қатысты мәселені талқылаған. Олар өзара іс-қимылдар туралы келісімге келеді. Биылдан бастап Еуропа Одағына қарасты елдердің дүкендерде полиэтилен пакеттерін тегін таратуға тыйым салынды.
Ал 2021 жылы Еуропалық Одақ дүкендерінен бір реттік пластикалық ыдыс-аяқтарды, пластмасса негізіндегі заттарды, пластикалық коктейль түтіктерін сатуға тыйым салынатын болады.
Сондай-ақ, Еуропада қайта өңдеу тәсілі жақсы жолға қойылған. Мысалы, әйнектен немесе пластикалық бөтелкеден сусын сатып алған жағдайда, оны арнайы машинаға тапсырып, купон арқылы кассадан ақшасын қайтарып алуға болады.
Елімізде қазір осы мәселені «Jasyl Arystan» ЖҚ өткір көтеріп жүр. «Пластикалық індет» деген атау алған проблеманың мемлекеттік деңгейде көтерілуін қаузап жүрген бірден-бір ұйым осы – «Jasyl Arystan». Мұнымен бүгін айналыспасақ, ертең кеш қалуымыз мүмкін екенін түсінгеніміз абзал.