Екінші болудың кереметі
Күні кеше ғана Польшаның оңтүстігінде орналасқан Гливице қаласында «Junior Eurovision-2019» байқауы өтті. Еліміз екінші жыл қатарынан қатысқан тартысқа толы бәсекеде отандасымыз Ержан Максим екінші орын алды.
Бәлкім кездейсоқтық, бәлкім тағдыр, Ержан осымен халықаралық байқауда екінші рет «екінші» орын иеленіп отыр. Жыл басында Ресейде өткен «Голос Дети» байқауында көрермен көзайымына айналған-ды. Финалдық бәсекеде танымал әнші Алсудың қызы бас жүлде иегері атанып, артынан жүлде алты бірдей финалиске де табысталды. Өйткені көрермен Ержан Максим Микелла Абрамовадан әлдеқайда артық өнер көрсетті деп шуласты. Тіпті, ресейлік атақты әншілер де Ержанды мойындаған еді. Жақында Ресейге қоныс аударып, талантты композитор Игорь Крутойдың қамқорлығына ілінген отандасымыз «Junior Eurovision-2019» байқауына Қазақстан атынан қатысты. Ұлттық қазылардың жоғары бағасын алып, көш бастаса да, көрермен дауысы бойынша Польша озық шықты.
Өнер көрсету шеберлігі тұрғысынан кеш фавориті Италия, Испания мен Қазақстан болды. Шыны керек өнерпаздардың қай-қайсысы да үздік болуға лайықты еді. Бірақ, ұлттық қазылардың 112 балымен Польша Қазақстаннан (148) кейін тұрды. Әйтсе де, түгел польяк дауыс берді ме белгісіз, 166 балл көрерменнің онлайн бағалауынан қосылды. Ержан онлайн дауыстан небәрі 79 ұпай жинаған. Естеріңізде болса, «Голос дети» тележобасының финалдық бәсекесінде онлайн дауыс дұрыс есептелмей дау туған-ды. Кейіннен телеарна басшылығы ресми түрде кешірім сұрады. Қазақтың қарадомалағы өзін Ресей жұртшылығына мойындатып, абыройы асқақтаған. Енді дүйім Еуропа, Димаштай айтсақ, «бауырсақ-балапанды» бағалап, жақтаушы бола қояр ма екен?!
Әлеуметтік желіде насихат кемшін болмаса да, 79 ұпай біз үшін тым аз секілді. Бұл жайында профессор Кәкен Қамзин: «Кәсіпқой қазылар бірінші орын берді Ержанға. Бірақ мен өз жұртымның бей-жайлығына налимын. Қашанғы шалжиып жата береміз», – деп Facebook-те пікір білдірді. Желідегілердің көбіне дауыс мәселесі күмән тудырса керек «саясат араласып, Қазақстанды алға шығармады» деген сыңайлы пікірлерді көз шалды. Оған қарсы тарап халық санын ортаға салып әлек.
Ресми мәлімет бойынша, Польшада 38 645 240 адам тұрады. Қазақстандықтар саны 18 395 567 екен. Бұл 2019 жылға дейінгі санақ. Халық саны жағынан едәуір айырмашылық бар. Бір жағы жоба Польшада өтіп жатыр, насихат бізден де күшті болып, біраз ел құлақтанған шығар, кім білсін?!
Шағын дастархан басында бір азамат: «Ержанның өнері жыл басында бизнестің, жыл соңында саясаттың құрбаны болды» деді. Оның жайы әзірге белгісіз. Ал біз отандасымызға «жасай бер, талма, тынба» дегіміз келеді!
Екінші деген аты болмаса үздік әрі оған лайық жандар жетерлік. Спортшылар арасында боксшы Әділбек Ниязымбетов 2011, 2013 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, 2012 және 2016 жылғы жазғы олимпиада ойынында алтыннан бір сәтте қағылып қалғаны бар. Бірақ оны қазақ елі үздік деп таниды. Спорттық бәсекеде бағалау нақты ұпайға негізделсе, өнер жүлдесін үлестіру ісі көп күмән тудырады. Десе де, екінші болудың кереметі жоқ емес. Мәселен, американдық актер Махершала Әлиді айтуға болады. 2017, 2019 жыл Әли үшін ерекше болды. Әлем мойындайтын, актер біткен армандайтын Оскар, Алтын глобус, BAFTA, Гильдии кинобайқауларында екінші пландағы үздік актер номинациясын жеңіп алды. Екінші болып жүріп, бірінші жетпеген жетістік бұйырды. Демек, екінші болудың да кереметі бар.
Арман Құдайберген
Қазір оқып жатыр
Тоқаев: Қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салудың қажеті жоқ
«Масылдық ұғымынан біржола арылу қажет»: Президент дотацияға сеніп отыратын әкімдерді сынады
«Ересектермен бірдей жазаға тартылады»: ІІМ ата-аналарға ескерту жасады
«Кастетпен ұрған»: Таразда тоғызыншы сынып оқушысын жеті қыз жабылып соққыға жыққан