Екібастұздағы қазіргі жағдай қандай?

Ресми ақпарат көздерінде Екібастұз қаласына толықтай жылу берілгені туралы айтылып жатыр. Алайда, тұрғындар бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын алға тартады. Сондағы жергілікті жұрттың жағдайы мен ЖЭО-ның хәлін көзбен көріп қайтқандар «бұл жақын арада шешілетін шаруа емес» дейді.
Өйткені құбырлардың жарылуынен зардап шеккендер енді жарықтың да жиі өшіп қалуынан жылытқыштарды қоса алмай отыр. Ал Сәтбаев пен Энергетиков көшелерінің тұрғындары «толықтай берілді» деген жылудың әлсін-әлсін өшіп қалып жатқанына шағымданды.
Осы жайды білмек боп хабарласқан NEGE тілшісіне «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС былай деп жауап берді:
– Барлық көпқабатты тұрғын үйде жылумен қамту қалпына келтірілді. Қазір жеке секторда жылу желілері мен суық сумен жабдықтау құбырларын жылыту жұмыстары жүргізілуде. Мұздаған үйлерден барлығы 40 жеке тұрғын үй құрылысы қалды. Қала бойынша 35 жөндеу бригадасы жұмыс істейді.
Қазіргі жайттан осындай ғана хабар берген «Екібастұзтеплоэнерго» ЖЭО апаты төңірегіндегі өзге де сұрақтарға кейін жауап беретінін жеткізді. Осыдан екі күн бұрын Премьер-министрдің орынбасары Роман СКЛЯР да қалаға толықтай жылу берілгенін айтқан еді.
Төтенше жағдай жарияланғаннан бері Екібастұзда апта бойы болып, әлеуметтік көмектерді тұрғындарға жеткізген қоғам белсендісі, журналист Серік ХАСЕНОВ «ресми ақпараттарға сене беруге болмайды» дейді. Оның айуынша, ЖЭО жөндеу бригадасында кадр тапшылығы болғандықтан бұл апатпен күрес ұзаққа созылып кетуі әбден мүмкін.
– Апат болған «Екібастұз» ЖЭО ішіне кіріп көрдік бәрін. Хәлі өте мүшкіл. Өйткені кадр жетіспейді. Дәнекерлеуші, слесарьлар үлгермей жатыр. Бір жерді жөндеп жатса, екінші жері жарылып жатады. Оларды бастапқы жұмысын аяқтамастан келесі жаққа жібереді.
Көп құбыр көнеріп кеткен. Қысымды көтере алмайды. Әкімдермен болған брифингте А.КЛЕБАНОВҚА қатысты сұрақ қойдық. Бірақ олар: «Бәрі қазір құзырлы органдардың қолында. Солардың шешімінен кейін ғана пікір айта аламын» деп отыр.
Халықтың өзі көп нәрсені көтеруде. Тіпті, мен барған 4 үйде тұрғындар өздері дәнекерлеуші жалдап, құбырларды өздері сатып әкеліп жатты. «Әкімдік өздерің жасап алыңдар», – деп айтты дейді. Бірақ сол сөздерін камераға айтудан қашады.
Ал Екібастұз тұрғыны Нұрқанат ҚАЙРАТ қаладағы үйлердің әлі де суық екенін хабарлады.
– «Толықтай жылу берілді» деп айтып жатыр. Біз Энергетиков 83-тегі үйге барып келдік. Ол жерде әлі жылу жоқ. Өйткені мұз боп қатып қалған құбырларды ауыстырып жатыр. 2-3 күндік немесе апталық жұмыс бар шығар.
Білім бөлімінде де болғам. Алдыңғы күні түнде құбырлары жарылып кеткен. Ондағы қызметкерлер «ешкімге айтпай, өзіміз жасаймыз» деп ресми ақпарат бермепті. Соны ести сала барғанмын. Шынында да батареялар алынған, бірақ орнына қайта салынбапты.
Қанша жерден жылу берілді деп айтса да, үйлер әлі суық болып тұр. Жылу өте аз. Сол үшін де Павлодарға кетіп қалған адамдар қайта келген жоқ. Қалада үйлердің бәрі суық. Жан-жақта адамдар жылытқыш сұрап жүр. Мектептерге кіре алмай жатырмыз. Бірақ біраз мектепте жағдай қиын боп тұр. Оны ешкім айтып жатқан жоқ, – деді тұрғын.