Жыл рейтингі: Клиенттерімен ең көп соттасқан банктер

2019 жылы қарапайым халықпен жұмыс істейтін банктің барлығы соттасып шықты. Қарыз болып қалған клиенттерін сотқа бермеген банк кемде-кем. @RiskTakersKZ мәліметіне сүйенген Nege.kz олардың ішінен активтердің көлемі жөнінен 5 ірі банкті таңдап алды да, сот процессі бойынша рейтингтерін жасап шықты.
Тақырыпқа орай: Кірісі төмен азаматтарға қарыз берілмейтін болды
1-орын. Kaspi bank
Қазақстандағы ең көп соттасатын қаржы ұйымы - cөзсіз, Kaspi bank. 2019 жылдың аяғындағы жағдай бойынша 15 559 сот ісіне қатысы бар. Ол түсінікті. Банк көбінесе жеке тұлғаларға қызмет етеді және ондай клиенттерінің саны 5 миллионға жетіп жығылады. Проблемалық клиенттердің басым бөлігі банк картамен берілетін несиемен айналысқан кезде пайда болды. Оның механизмі қарапайым халыққа түсініксіз еді және адамдар қарызын төлесе де, несиесі жабылмай қиналып жатты.
Фото: top-news.kz
Каспи СЕОсы Михаил Ломтадзе ол туралы өзі де ағынан жарылған еді:
Біз бұл бизнесті зерттегенімізде, оның көптеген жандарды күйзелткені байқалды. Олар үнемі қарыздар болды. Күрделі өнімді түсінбеді: мысалы, дүкенде картамен төлеудің орнына ақшаны банкоматтан шешіп алатын. Нәтижесінде тұтынушылар біздің өнімді ұнатпады. Пайданың 30-40 пайызын беріп отырса да, бұл бизнестен біз бас тарттық.
2-орын. ЦентрКредит Банкі
ЦентрКредит 10 418 рет соттасқан. Банк кезінде шағын және орта бизнес өкілдеріне несиені жақсы қарқынмен берді. Өкінішке қарай, түрлі себептермен көптеген бизнес өкілдері несиелерін қайтармай, банктің балансын біраз нашарлатқан болатын. Тіпті ЦентрКредит 2017-2018 жылдары Ұлттық Банктің қаржы ұйымдарын оңалту бағдарламасына қатысуға мәжбүр болды. Және соның арқасында нарықтағы өз үлесін сақтап қалды.
Фото: afk.kz
Тақырыпқа орай: AQR банктердің артын ашады
3-орын. ForteBank
Альянс банктің мұрагері болғандықтан, Фортедегі сот процесінің көптігіне таң қалуға болмайды. Сотта банктің қатысуымен 9 894 іс қаралған. Қазір қаржылық институт шағын және орта бизнес өкілдеріне де, жеке тұлғаларға да көптеп несие бере бастады. Демек, болашақта да сотқа шағымдану азаймайды деген сөз.
Фото: informburo.kz
4-орын. Халық банкі
Казком қосылғалы бері клиенттер саны жөнінен елдегі ең алпауыт банктің тек 7 786 сот процесіне қатысы бар. Мұндай үлкен банк үшін бұл азғантай көрсеткіш. Не банк сотқа жеткізбей мәселелерін шешеді, не болмаса клиенттерінің барлығы қарызын уақытында қайтарып отырады.
Тақырыпқа орай: Халық банк: Клиенттеріміз қашып жатқан жоқ
Фото: forbes.kz
5-орын. Сбербанк
Рейтинг соңында "клиенттерімен соттасқысы жоқ" деп атауға келетін Сбербанк тұр. Ресейдегі алпауыттың еншілес банкі сотта 4 955 процесске қатысқан. @RiskTakersKZ жазуынша, соттасу индикаторы банктегі тәуекелдерді басқару сапасы туралы толыққанды картина бере алмайды. Бірақ бұл көрсеткіш үлкен талдаудың бір бөлігі болуға жарайды. Сәйкесінше, ең аз соттасқан банктің тәуекелдерді басқару жүйесі мығымдау.
Фото: finance.kz
Nege.kz редакциясының пайымдауынша, 2020 - ел банктерінің тағдырын түбегейлі шешетін жыл болмақ. Қазір бәріміз банктердің кешенді тексеруі AQR нәтижесін күтіп отырмыз. Ол банктердің шын жағдайын айқындап береді. Екінші сынақ - Дүниежүзілік сауда ұйымының бас тартуға болмайтын шарты. Келер жылдан бастап шетел банктері елімізде еркін жұмыс істей алады. Демек, тек мықты ғана қалып, әлсіз банктердің архив сөрелеріне кететін уақыты алыс емес.