Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану көлемі азайып келеді

10 маусым, 10:19

Фото: ғаламтордан

 Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу көлемі мамыр айының соңында 1,4 трлн теңге болды.

Алматы, NEGE. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың дерегі бойынша, бес айдың қорытындысында зейнетақы активтерінің кірістілігі 5,3% болған. Жалпы инфляция көлемі 3,5% болғанын ескерсек бірыңғай жинақтық зейнетақы қоры салымшыларының кірісі 1,8% мөлшерінде сақталған. «Мемлекет басшысының тапсырмасына бойынша БЖЗҚ салымшыларына тұрғын үй жағдайларын жақсарту, емделу және жеке компаниялардың басқаруына беру үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалануға құқық берілді. Биылғы жылғы 31 мамырдағы жағдай бойынша мерзімінен бұрын алу көлемі 1,4 трлн теңге болды. Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану басталған сәттен бері біз ай сайынғы алу көлемінің азайғанын байқап отырмыз: биылғы жылғы ақпанда 643 млрд теңге, наурызда 302 млрд теңге, сәуірде 283 млрд теңге және мамырда 179 млрд теңге болды», - дейді Әлия Молдабекова.

Ұлттық банк өкілі біржолы зейнетақы төлемдерін пайдалану БЖЗҚ-ның инвестициялық портфель сапасына әсер етпейтінін айтып отыр. Себебі ол негізінен қаржы құралдары бойынша өтеуден және салымшылардың жарналарынан түсетін шоғырландырылған ақша қаражаты есебінен жүзеге асырылатын көрінеді. «Бұл ретте Ұлттық банк валюталық портфельді түрлендіру үшін белсенді жұмыс жүргізуді жалғастыруда. Оның үлесі биылғы мамырдың соңында зейнетақы активтерінің 32%-ын немесе шамамен 9,5 млрд АҚШ долларын құрады. Валюталық портфельдің құрылымын активтердің неғұрлым кірісті сыныптарына инвестициялауды арттыруға күш салынды. Атап айтқанда, валюталық портфельдің 25%-ға дейінгі бөлігін жаһандық акцияларға, 25%-ға дейінгі бөлігін дамушы елдердің облигацияларына, сондай-ақ 20%-ға дейінгі бөлігін инвестициялық деңгейдегі корпоративтік облигацияларға инвестициялау жоспарлануда», - дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации