29 Қаңтар 07:22

Зейнетақы қорының табысын инфляция жеп жатыр

Фото:

Жақында өзіме қажет болған соң Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы шотым бойынша есеп сұратқан едім. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 10 триллион 798 млрд теңгеден астам сомаға жеткен. Бірақ қуанышымды басқа көрсеткіш су сепкендей басты.

2019 жылғы нақты табыс 2018 жылмен салыстырғанда 4,8%-ға төмендеп кетіпті! 2018 жылы зейнетақы активтерінің табыстылық деңгейі 11,27%, ал инфляция 5,30%-ды көрсеткен. Инфляция деңгейін шегергенде нақты табыс – 5,97%. Ал 2019 жылғы БЖЗҚ-ның нақты табысы 1,17% ғана. Нәтижесінде, өткен жылдың басынан бергі инвестициялық табыс сомасы – 699,8 млрд теңгені.

Бөтен бізді жарылқай ма?

Осыдан кейін біздің ақшамызды Ұлттық банк қайда жұмсағаны қызық көрінді. «Бақсам, бақа екен» демекші, БЖЗҚ қорының қаржысының бір бөлігін, дәлірек айтқанда 97,9 млрд теңгесін ұлттық қаржы институты  Aviva Investors Global Services Limited дейтін британдық компанияға сеніп тапсырыпты. Одан түскен табыс – 15,09 млрд теңге.

Желтоқсан айында инвестициялық табыс көрсеткіші 14,51 млрд теңгеге түсіп кеткенімен, Ұлттық банк белгісіз себеппен әлгі компанияға тағы ақша қосып береді. Сөйтіп, зейнетақы қорының 213,5 млрд теңгесі жаңағы британдық сыртқы басқарушының есепшотына түскен.  2018 жылы Мәжіліс депутаты Шәкір Хахазов қазақстандықтардың 220 млн доллар зейнетақы активіне иелік еткен Aviva Investors-тың жалпы қызметіне күмән келтіргені бар. 7 жыл бұрын Ұлыбританияның қаржы нарығын реттеуші құзырлы орган бұл компанияны менеджмент пен тәуекелдерді басқару жүйесінде жіберген олқылықтары үшін жауапқа тартып, көп сомада айыппұл салған екен.

«Өзім де болса сорлы едім, тас тиген соң не сорым?» депті ғой баяғыда бір бейбақ. Ұлттық банктің зейнетақы қорындағы қаржының бір бөлігін (2,8 млрд доллар) тағы басқа шетелдік басқарушы компанияға беруді жоспарлап отырғанын естігенде амалсыз осылай дейсің. Тіпті 9 компаниямен келіссөз жүргізіп жатқанын да мәлім еткен. Ұлттық банк мұны «акциялар мен құнды қағаздар нарығына кіру кезіндегі қолайсыз жағдайларға байланысты тәуекелдерді азайту үшін» деп түсіндіреді. Жалпы сыртқы басқарушыларға зейнетақы активтерінің 5,89% сеніп тапсырыптық. Сонда ақшамызды әлемдік нарықтарда тиімді ұқсата алатын мамандардың немесе компаниялардың өзімізден шықпағаны ма? Онда жыл сайын оқу бітіріп жатқан қаржыгер, экономистерден не пайда? Неге зейнеатқы активтерін, мәселен, Норвегияның зейнетақы қоры секілді өзіміз басқара алмаймыз?  БЖЗҚ қоры бұл ақшаларды өзі басқара алмаса, зейнетақы қорының ақшасын басқаратын Ұлттық банк оны тағы сырттағы біреулерге беретін болса, бұдан қандай қисын табуға болады?

Зейнетақы қорындағы қаржыны Ұлттық банк қайда салған?

Ұлттық банк қазақстандықтардың қартайғанда көретін зейнетім деп тірнектеп жинаған қаржысына Ресей, Мексика, Перу, Бразилия секілді экономикасы тұрақсыз елдердің мемлекеттік құнды қағаздарына салғанына қаржы саласы түгілі қарапайым қисыннан кенде қалмаған адамның өзіне түсініксіз. Тым болмағанда зейнетақы активтерінінен инвестициялық табыс табудан алдына жан салмайтын норвегиялық әріптестерінен үлгі алса болады ғой. Норвегияның зейнетақы қоры бұл елдерді инвестиция салуға болатын тізімінен алып тастаған. Әйтеуір былтыр қаракүзде инфляцияның салқынынан сескенді ме, кім білсін, Перу, Мексика, Бразилия, Филиппин және Ресейдің мемлекеттік облигацияларының бір бөлігін сатып құтылыпты.

Ал теңге күйінде инвестиция түрінде жұмсалған ақшаның 20,30%-ын Ұлттық банк елдегі екінші деңгейлі банктердің құнды қағаздарын сатып алуға, депозиттеріне салуға жұмсаған. Банктердің депозитіне салып қойған ақшадан анау айтарлықтай табыс таппайтынын есеп түсінетін екінің бірі біледі. Бұл ақшаны еліміздің нақты экономикасына жұмсағанда қалай болар еді? Былтыр Қазақстан экономикасына жұмсалған жалғыз инвестиция «Аграрлық несие корпорациясына» тиесілі.

Қартайғанда көретін несібемнің қазіргі жай-күйі қысқаша осындай. Ал биылғы жылғы көрсеткіш қандай болмақ? Оны тап басып айту қиын. Зейнетақы активтерінің инвестициялық табысын инфляция ойсыратып кетпесіне көз жетпейді. Жыл басталмай жатып жанармайдың қымбаттағаны, коммуналдық төлем тарифтерінің өскені, азық-түлік бағасының тұрақсыздығы осындай көңілсіз ойларға жетелейді.

Әділ Ұзақбай    

Тегтер: