28 Қаңтар 12:20

Зейнетақы аннуитетінің құны төмендеді

Фото:

Еліміздегі зейнетақы аннуитеті азаматтар үшін айтарлықтай қолжетімді әрі тартымды бола түсті. Бұл туралы Nege.kz порталына Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) төрайымының орынбасары Мария Хаджиева айтып берді.

Оның сөзінше «Экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері жөніндегі» заң бойынша зейнетақы аннуитетін беру қағидаларына біраз түзетулер енгізді. Негізгі өзгерістер зейнетақы аннуитеті шарты бойынша ең төмен төлем мөлшерін ұлғайту мен кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетін сақтанушының 45 жасынан бастап рәсімдей алатынына қатысты.

Сонымен қатар, зейнетақы аннуитеті айтарлықтай арзандады. Мәселен, 2020 жылы зейнетақы аннуитетін жасау үшін жеткілікті сома 55 жастағы ер адамдар үшін 11,3 млн теңге, ал 51,5 жастағы әйелдер үшін  15,5 млн теңге болса, енді сол жастағы ер адам аннуитетті 6,7 млн теңгеге, ал әйел адам 9 млн теңгеге ала алады.

«Кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетін 55 жастан бастап төлемдер алатындай болып, 45 жаста алған жағдайда ер адамда кемінде  6,1 млн теңге, ал әйелде 7,7 млн теңге болуға тиіс. Егер жалпы цифрларды алар болсақ, бүгінгі күні шамамен 61 мың адам 283 млрд теңге сомаға зейнетақы аннуитеті шартын жасаған, сол арқылы олар өмірді сақтандыру жөніндегі компаниядан өздеріне өмір бойғы зейнетақы төлеміне кепілдік алды», - деді Мария Хаджиева.

БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары жеткілікті қазақстандықтар өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделу ақысын төлеуге пайдаланатынын, не ақшасын зейнеткерлікке жинақтай беретінін өздері шешуге құқылы. Әрине, жинақ  ақшасының бір бөлігін зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмсау көбірек қызықтырары сөзсіз, бірақ еңбек қызметі тоқтағаннан кейін кірістің азаятынын да ұмытпаған жөн.  Тиісінше, зейнетақы төлемдерін алу жолдары жайында зейнетақы капиталын қалыптастыру кезінде, яғни жұмыс істеп жүрген кезде ойлау керек.

Тегтер: