12 Ақпан 17:50

Вирус бой берер емес. Коронавирус CNPC жұмысын тоқтатса, 2 миллиард доллардан айрыламыз

Фото:

CNPC мен Sinopecтен кейінгі Қытайдың үшінші мұнай-газ алпауыты CNOOCтың газ импортын тоқтатып, кейбір келісімдер үшін форс-мажор сұрауы коронавирустың мұнай-газ саласына да ауыз салғанын байқатты. "CNOOC басына туған күн CNPCге де туу мүмкін" дегендер ондай жағдайда, Қытайга газ экспорттап отырған Қазақстанның да табыстан айрылу мүмкіндігін жоққа шығармайды.

CNOOCтың форс-мажор туралы хабарлап, өзінің әріптестерімен мәмілеге келуге тырысып отырғанына екі күн болды. Әңгіме Shell мен Totalда. Олар коронавирустың бүкіл бір индустрияны тоқтатып қоятын форс-мажорлық күші бар екеніне сенбей отыр. Егер мәселе форс-мажор деп танылса, онда CNOOC келісім-шартта жазылған айыппұл санкцияларынан құтылып кетер еді. Әтпесе қытайлықтар үлкен өтемақы төлейтін болады. 

Бірақ бізге басқасы маңызды. CNPCнің жағдайы қалай? Бұрынғыдай газ сатып алуын жалғастыратын қауқары бар ма? Қытайдағы ең алпауыт мұнай-газ компаниясының Қазақстаннан 2017 жылдан бастап газ ала бастағанын білеміз. 2018 жылы ҚазТрансГаз Қытайға 5,8 миллиард текше метр, ал 2019 жылы 7,5 миллиард текше метр көгілдір отын экспорттаған. Биыл кем дегенде 10 млрд текше метр жеткізуі тиіс. Экспортты ұлғайту арқасында шамамен 2 миллиард доллар валюталық кіріс түседі деп жоспарланған еді. Бұл шамамен 750 млрд теңге. Экономикалық бастамаларды қолдау қоры сарапшыларының айтуынша, CNPC қысқа мерзімге арналған своп операцияларын қысқартуы мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімге жасалған келісім-шарттарды бұзуға бармайды.

"Коронавирус қалай өршісе де, тіпті адамдар үйде отыру үшін де бәрібір газ керек. Қытай экономикасын түгелдей тоқтатып қоя алмайды. Онда адам шығыны вирус келтірген залалдан мың есе артық болар еді. Оның саяси салдары да ауыр болады. Жағдайы нашарлаған халық көшеге шықса, Қытай үшін бұл үлкен сынаққа айналары анық".

Қытайдың негізгі проблемасы газ терминалдарындағы жұмысшылардың жетіспеушілігінде болып тұр. Жұмысшылардың демалысы ақпанның онына дейін ғана созылған болса да, қазір олардың көбісі үйлерін тастап шығуға жүрексініп отыр. Нәтижесінде сұйытылған газ тасымалдайтын танкерлер бос тұрып қалды. Осы факторлардың барлығы қабаттасса, біздің Қытайға газ экспортымыздың болашағы қаншалықты баянды? Осы мәселеге қатысты КазТрансГазга сауал жолдадық. Ұлттық компания біз қойған сұрақтарға әлі жауап берген жоқ. 

Тегтер: