4 Наурыз 17:10

Теңгеге терапевт НЕГЕ керек немесе Ұлттық Банктің антивирусы бар ма?

Фото:

Коронавирус теңгенің іргесін шайқай бастаса, Ұлттық Банк ірі интервенцияға кет әрі емес. Оны жағдаймен таныс Nege.kz дереккөзі растап отыр. Бірақ оның айтуынша, дәл қазір интервенция жасап, резервтегі қаржыны шығындауға әлі ерте.

Ұлттық Банк дайын, бірақ тиісті бұйрық жоқ. Қазіргі жағдайды осылай сипаттауға болады. ОПЕК нақты іс-шараларды қолға ала бастағаннан кейін, коронавирустан мұнайдың бағасы түсіп кетеді деген қауыптің беті бері қайта бастады. Рубль есеңгіресе де, біржолата құлаған жоқ. Оған Ресей Орталық банкінің жасырын әсері бар сияқты. Біздегі Ұлттық Банк теңге бағамына қатысты инфляциялық таргеттеу режимін таңдағандықтан, дәл қазір теңге бағамын нарықтың өзі реттейді деген ұстанымда отыр. 

Инфляциялық таргеттеу – ортамерзімді перспективада инфляцияның нысаналы көрсеткішін белгілейтін және соған қол жеткізуге бағытталған ақша-кредит саясатының режимі. Ақша-кредит саясатын алдын-ала белгілеп алу таргеттеудің айрықша белгісі болып табылады. Бұл халық пен нарықтың қолайлы күтулерін қалыптастыруға ықпал етеді және олардың орталық банкке деген сенімін арттырады.

Бұған дейін сарапшылар, Ұлттық Банкті теңгені ЧПОК режимінде (теңгенің жартылай ғана еркін айналымы жағдайы) ұстап отыр деп бірнеше рет айыптаған болатын. Базалық ставка өзгергенде сарапшы Тимур Әбілқасымов "Қазақстанда базалық ставка жоғарласа да, рубльдің теңгеге шаққандағы бағамы өзгеріссіз қалды. Ұлттық Банктің ЧПОК режимі қадағалаушы орган ресми жариялаған еркін өзгермелі режимге сәйкес келмейді" деген еді. Қазір еркін айналым болсын, таргеттеу болсын, халыққа да, бизнеске де теңгенің тұрақтылығы ауадай қажет.

Тақырыпқа орай: Үш себеп: Теңге НЕГЕ бір күнде құламайды?

 

Коронавирустың тықыры теңгеге таянса да, ұлттық валютаның ішкі резерві бар екенін алдында жазған болатынбыз. Кезінде Ұлттық Банк теңгені төмпештеп, құнын өз курсынан да төмен түсіріп қойғандықтан, оның ішкі қауіпсіздік маржасы үлкен. Мысалы, былтырдан бастап теңге құны өсуі тиіс еді. Бірақ керісінше теңгенің өз деңгейінде бағаланбауы арта түсті. Демек, қазір орын алуы мүмкін бағамға қатысты түзетулер тек теңгенің ішкі позициясына қатысты болуы мүмкін. Бірақ, күтпеген жағдайлар, алапат дағдарыс келе қалса, Ұлттық Банктің қаржы резерві де, Ұлттық қордағы қоржындар да дайын тұр. 

Тегтер: