17 Сәуір 07:18

Ұлттық банк көшсе де, Сағынтаевқа сары уайымға салынуға негіз жоқ

Фото:

Ұлттық банктің Нұр-Cұлтанға көшуі жөніндегі жарлыққа қол қойылуын сарапшылар баяғыдан бері күтіп жүрген. "Бұл жерде ешқандай тосын сый жоқ" дейді Nege.kz сұрау салған қаржыгерлер.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі құрылмай тұрып, Ұлттық банктің Алматыдан кетуі көңілге үрей ұялатқаны рас. Қазір ҚНРДА бар және ол Алматыда қалатын болды. Сондықтан бұған дейін қаржы орталығы статусын көтеріп келген мегаполистен екінші деңгейлі банктердің бас кеңселері кете қоймайды.

Ұлттық банк қадағалау функциясын өзінен алып тастады және ақша-кредиттік саясатты іске асыратын таза орталық банк функциясын алып жүретін тұрпатына қайта оралды. "Бұл жағдайда Ұлттық банк өзі де ірі саяси ойыншы және саяси шешімдер қабылдайтын ортаға, яғни Ақорда мен Үкіметке жақын болғаны логикалық тұрғыдан дұрыс" дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары.

Негізі Ұлттық банк баяғыда АФН (Қаржы нарығын бақылау агенттігі) жабылмай тұрып астанаға көшіп кетуі керек еді. Бірақ, Мәліметті өңдеу орталығын көшіру (ЦОД) тым қымбатқа түскендіктен және басқа да жарияланбаған себептермен Алматыда қалып қойған.

"Екінші дәрежелі банктер ешқайда көшпейді" дейді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов. "Қазіргі дағдарыс жағдайында олардың орын ауыстыратын қаржысы жоқ". Онымен GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық та келіседі. 

"Ұлттық банктің көшуі белгілі бір дәрежеде әсер етеді. Бірақ ықпалы соншалықты байқалмайды. Себебі банктермен негізінен жұмыс істейтін, үстінен қадағалайтын реттеуші қызмет ҚНРДА-ның қолында. Онымен бірге Қазақстан қор биржасы да осында қалады. Биржада операцияларын атқарып жүрген барлық ойыншылар да, қаржы мекемелері де өз орындарында".

Алматыны аймақтық қаржы орталығы етіп тұрған - банктер, инвестициялық мекемелер, брокерлер, микроқаржылық ұйымдар мен сақтандыру компаниялары. Қаладағы қаржы саласында 15 мыңға жуық азамат қызмет етеді және олардың тұрақты жеке табыстары қаланың экономикасына жағымды әсер етеді. Олар тауар сатып алып, сауда-саттықты жандандырады, түрлі қызмет тұтыну арқылы шағын және орта бизнестің көркеюіне жол ашып отыр. Осы 15 мың қаржыгердің тек 500-і ғана Ұлттық банктың Алматыдағы бас кеңсесінде жұмыс істеп келген және олардың кетіп қалуы аймақтық экономикаға аса білінбейді. Оның үстіне, Ұлттық банк қала бюджетіне салық төлемейтін. Ресми органның жылдық табысы бірден республикалық бюджетке аударылып отырған.

Демек, Ұлттық банктің Арқаға жылжуы "ұлы көшке" ұласпауы тиіс. Нұр-Cұлтанға көшкісі келген қаржылық компаниялар баяғыда кетіп қалған болатын. Банктер мен мекемелердің барлығы дерлік елордада өкілдігін ұстап отыр. Қазіргі технологиялар ешқайда бармай-ақ бейнеконференциялар өткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан, Алматы басшылығы тыныш ұйықтай берсе де болады. Оның үстіне, суверенді экономикаларды бірінен соң бірін құлатып жатқан коронавирус сынды проблеманың жанында Ұлттық банктің Арқаға көшуі аса маңызды емес. 

Тегтер: