6 Қаңтар 19:33

АҚШ пен Иран текетіресі мұнай бағасын қаншаға көтереді?

Фото:

Brent маркалы мұнай бағасы соңғы алты айда тұңғыш рет барреліне 70 доллардан асты. Және мұнымен тоқтамайтын сияқты. Бұдан кейін қымбаттауы үдей түсуі мүмкін. Оның басты себебі - АҚШ пен Иран текетіресі.

Бұл туралы Таяу Шығыс бойынша маманданған халықаралық сарапшы Әмірхан Омаров Kazservice арнасында жазады. Оның айтуынша, енді бұл қақтығысты бейбіт жолмен шешу мүмкін емес. Текетірес күрт шиеленісе түспесе де, аймақтағы тұрақсыздық арта береді.

«Мұнай шамамен 15-20% -ға, ең көп дегенде 25-30% -ға өседі, бірақ одан артық болмайды. Парсы шығанағындағы монархияларда – Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Сауд Арабиясы, Бахрейн және Катарда тұрақсыздық күшейеді. Бұл елдерден капитал қашуы мүмкін деп есептеймін», - деді Омаров.

Фото: kapital.kz

Қасым Сулеймани Иранның Таяу Шығыстағы әскери жетістігінің символы еді. Ливан, Йемен, Сирия, Ирак, Пәкістан мен Ауғанстандағы барлық шииттік әскери бөлімдер Сулейманидің қатысуымен құрылды. Оның арқасында ирандық офицерлер мен жауынгер топтар өте ықпалды күшке айналды. Сондықтан Сулейманидің өлімін парсылар кешіре қоймайды.

 

Қасым Сулеймани. Фото: Anadolu Agency / Getty Images

 

Ормуз бұғазы жабыла ма?

Әмірхан Омаровтың айтуынша, Иранның Ормуз бұғазын қоршауға алып, жабуы екіталай. Бұл қадам АҚШ әскери-теңіз күштерімен тікелей қарулы қақтығысқа апарады. Оның орнына Иран америкалықтардың әскери базаларына немесе Сауд Арабиясының мұнай инфрақұрылымына соққы беруі мүмкін. Тіпті тікелей өзі емес, Йемендік зымырандар арқылы әрекет етуі ықтимал.

Тікелей ашық қақтығысқа шықпай, Иран енді үшінші күштердің көмегімен АҚШ-тың әскери базалары, Израиль мен Сауд Арабиясын әскери рейдтер, зымырандар ату, лаңкестік әрекеттер арқылы азаптай бастайды. Иранның ықпалы бар барлық елдерде - Ауғанстан, Сирия, Ливан, Ирак, Иордания, Бахрейнде АҚШ-қа қатысы бар нысандарға және сол елдерде тұратын АҚШ азаматтарына үлкен қауіп төніп тұр.

Тегтер: