14 Ақпан 08:32

Теңге дегенім – тиын, жағдайым менің қиын

Фото:

Мектепте істейтін жеңгемнің соңғы күндері көңілі көтеріңкі. Жо-жоқ, несиесін жабуға әлі 3 жыл бар. Несиесінің бір бөлігі кешірілгендердің тізіміне де ілікпеді. Пайызын азайту туралы өтінішін де қанағаттандырмады. Күзетші боп істейтін ағам (күйеуін айтам) мамандығы бойынша әлі жұмысқа кірмеді. Біздің елде гидромелиораторға жұмыс табылғанша, мұхиттың ар жағындағы Илон Масктің «әлемді тегін интернетпен қарық қылам» дейтін уәдесі тезірек жүзеге асатын шығар. Жеңгемнің көңілін көтерген жалғыз нәрсе – министр Асхат Аймағамбетовтың айтқан сөзі.

«Қазір педагогтардың орташа айлығы экономикамыз бойынша орташа жалақының 65%-ы ғана. Бірақ жағдай түзеледі. Біз зерттей келе, түрлі қосымшалардың арқасында менің әріптестерім 2023 жылға қарай 500-550 мың теңге (қазіргі валюта бағамымен 1300-1450 АҚШ доллары) алатынын есептеп шығардық», – депті министр.
«Қашпаған құнажынның уызын аңсаған» жеңгем әлі алмаған ақшасын қайда жарататынын есептеп қойыпты. Ағамның «әй, сенен бұрын инфляция жеп қояды» деген сөзін де елер емес. Жеңгем бюджетін шотқа салып жатқан соң, қарап тұрмай мен де өзімнің осыған дейін қанша тапқанымды, қайда жаратқанымды есептеп көргім кеп, отыра қалып есептей бастадым. Былай қарасаң, бұрынғыдан көп тауып жатқан сияқтысың, бірақ асып-тасқан дәнеңе де жоқ, сол баяғы қоңыр тіршілік, ал кейбір танысымның жағдайын тіпті өлместің күні деп сипаттауға болар. Бұл қалай деген сұрақтың жауабын саусақтарым калькулятор түймелерінен іздей бастады.

2010 жылы айына 250 мың теңге табатынмын. Ол кездегі доллардың бағамы 148 теңге еді. Сонда айлығым валютаға шаққанда 1689 доллар болыпты. Қазір ай сайын қолыма 400 мың теңге аламын. Доллар бағамы – 378 теңге. Шотқа салып жібергенде... 1058 доллар боп қалды! Тоқтай тұр! Қателесіп кеткен болармын?! Калькулятор міз бақпастан осы санды қайта көрсетті.  

Ау, жыл сайын үкіметтің баға мен инфляцияны индекстейтіні, соған сәйкес жалақыны көтеретіні қайда?  Былтыр тұтынушылардың сатып алу қабілеті 9,9%-ға көтерілгені ше? Тоқыраудан құтылып толымды табысқа аяқ бастым ба деп жүрсем, он жыл бұрын қазіргіден әлдеқайда көп жалақы алыппын-ау. Өзімнің жалақым туралы «жаңалық ашқан» соң, өзгелердің қалтасындағы қаржыны есептей бастадым. Ол үшін орташа жалақы мен доллар бағамын салыстырдым.

2010 жылы өздеріңіз білетіндей, 1 доллар 148 теңге тұрды. Орташа айлық ресми статистика бойынша 76 мың теңге немесе 513 доллар болыпты. Одан бері бес жыл өткен соң, доллар қымбаттап немесе теңге құнсызданып (кімге қалай ыңғайлы, солай оқып алыңыздар), 1 долларды орташа 185 теңгеден сатып алыппыз. 2015 жылғы ресми статистика бойынша орташа айлық 125 мың теңге немесе 673 доллардың о жақ, бұ жағында болған.

Содан тағы бес жылды өткеріп, 2020 жылға жеттік. Жыл енді басталып жатқандықтан, былтырғы жылғы орташа жалақыны есептейік. Тағы сол ресми дерекке сенсек, орташасы 191 мың теңгенің айналасында екен. 5 жыл бұрынғы айлықпен салыстырғанда 70 мың теңгеге дейін өскен. Бірақ, қуанбай тұра тұрыңыз. Қазір 1 «көк қағазға» 378 теңге санап береміз. Енді осы бағаммен шотқа қағып жібергенімде 505 доллар шықты. Орташа айлық та он жыл бұрынғысынан төмен боп қалды. Қатарымнан қалдым деп қапаланып отырсам, жұрт та жұтап отыр екен ғой. Қоңыз теріп кетпесе де, аузынан ақ май ағып отырғаны шамалы деп өзімді жұбатқансындым. Мұным жұбатқаннан гөрі жылатқанға ұқсап кетті. Оның үстіне орташа айлық ретінде жарияланған 191 мың теңге жалақыны 5 өңірдің тұрғыны ғана алады екен. Қалған 12 аймақтың халқы мұндай орташа жалақыны түсінде де көрмейді. Сиқыр деп осыны айт. Теңгемен есептегенде орташа жалақы жыл сайын көтерілуде, ал долларға шаққанда 2015 жылдан бері ол үнемі төмендеп барады.

10 жылға кері қайтарыңдаршы!

2010 жылы нанды 70 теңгеге сатып алушы едік, қазір оның бағасы 120 теңге. 10 жыл бұрын келісі 700 теңгеден сатылған сиыр етінің келісін қазір базардан 2 мың теңгеден арзанға таппайсыз. Өзімізді толық қамтамасыз етеміз дейтін жұмыртқаның он данасы қазір 250 теңгеден. Он жыл бұрын 150 теңге тұрыпты.

2010 жылы жанармай құю бекетінде АИ-92/93 бензинінің литрін 84 теңгеден құятынбыз. Долларға шаққанда 0,5 доллар. Шындығын айту керек, қазіргі бағаны долларға шаққанда осыған шамалас сома шықты. Демек, мұнай өндіретін елде жанармай бағасы сыртқы нарықтың ықпалымен реттеледі.     

Енді үйдің бағасына келейік. 2010 жылы Алматының орталығына жақын аудандарда бір бөлмелі пәтер 50 мың долларға бағаланған. Қазір дәл сол пәтер үшін 37 мың доллар сұрайды. Былай қарасаңыз арзандаған сияқты. Ал енді теңгеге шағып көрейік. 50 000*148 = 7 400 000 тг. 37 000 000 * 378 = 13 986 000 тг.

Он жылда пәтер бағасы теңгемен есептегенде екі есеге өскен. 2010 жылмен салыстырғанда жалақы да 2,5 есеге көбейген. Бірақ жалақы номиналды түрде өскенімен, сіз бен біздің сатып алу қабілетіміз өсті ме? Керісінше, Дүниежүзілік банк (ал олар менен гөрі жақсы есептей алады деп ойлаймын) соңғы 5 жылда Қазақстанда орта тап өкілдері (күніне 10-50 доллар жұмсайтындар) 10 пайызға дейін құлдырап кеткенін көрсетіп отыр. Тәуелсіз зерттеулер жерінің асты қазба байлыққа тұнған елде тұрғындарының 20-30 пайызы кедейлік шегінде өмір сүріп жатқанын көрсетеді.

...Жеңгем әлі есептеп отыр. Ернімен әлденені күбірлеп жымыңдап қояды. Министр уәде еткен күннің тезірек туғанын қалайды. Ал мен болсам, 2008-2010 жылдарға қайтқым келеді. Сол уақытқа қазіргі жалақыммен топ ете түссем, шалқып өмір сүрер едім-ау!  Жын соққан екен деп сөге көрмеңіздер. Осы күнге дейін 2020-2030 деп келер шақты қиялдап келдік қой, ал менің өткен шаққа оралғым кеп отыр.       

Тегтер: