15 Қаңтар 09:32

Петр Своик: Қазақстанның энергетика саласы серпіліс алдында тұр

Фото:
Танымал экономист

әрі саясаттанушы Петр Своик елдегі энергетика саласын дамыту перспективалары туралы мақала жазды. Электр станцияларының жұмысы мемлекеттік деңгейдегі маңызды оқиғалармен – девальвация, индустриялық-инновациялық дамудың алғашқы бесжылдығымен және дағдарыс кезінде кәсіпорындар алған несиелерді конвертациялауға қаншалықты байланысты? Своик бұлар бір-бірімен тікелей байланысты және біздің энергетика секторындағы тұрақтылық кезінде қабылданған дұрыс шешімдердің нәтижесі дейді. П.Своиктың Tengrinews.kz сайтында жарияланған мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Өткен жылы 14 қаңтарда Энергетика министрі Қанат Бозымбаев өзінің бұйрығымен «2019-2025 жылдарға арналған электр энергиясы мен қуаттың болжамды теңгерімдерін» бекіткен. Атап айту керек, бұл – өте батыл қадам.

2025 жылға дейін мың МВт қуат беретін ескі құрылғылардан арылып, жаңа генерация арқылы қосымша жеті мың МВт енгізу қажеттілігі жазылған. Мұның көлемін түсіну үшін, Екібастұз ГРЭС-2-нің жұмыс істеп түрған екі агрегатын өшіріп, қазір Қазақстандағы екі ірі электр станциясы – Екібастұз ГРЭС-1 және Ақсу ГРЭС-тен де анағұрлым қуатты станция салыну тиістігін елестетіп көріңіз.

Бұған дейінгі 30 жыл бойы ешкім Қазақстан энергетикасы алдында дәл мұндай міндет қоймаған болатын. Бірақ, онсыз болмайды. Себебі бүгін біз электр энергиясын тұтыну көлемі бойынша кеңестік деңгейге жетіп отырмыз. 1990 жылы Қазақ КСР-нің өнеркәсібі мен халқы 108 млрд кВт/сағаттан астам қуат тұтынды, оның шамамен 105 миллиарды жергілікті электр станцияларымен қамтамасыз етілді. 2019 жылдың қортындысы бойынша біз 104 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндіріп, 105 млрд  кВт/сағат тұтынатынбыз.

Энергетиктер бастан өткерген кезең картинасын мынадан түсінуге болады. 2000 жылдары мұнай бағасы жоғары болып тұрған кезде елде электр энергиясын тұтыну кеңестік кезеңге қарағанда екі есе төмендеді. Біз 51 млрд кВт/сағат тұтындық. Елде үлкен станциялардың бар екенін ескерсек, ол қуатты өндіру қиын емес еді. Тіпті тарифтер төмен болған жағдайда да, қуат көздеріне күрделі жөндеу қажеттілігі туған жоқ. Әлемдік дағдарыс басталған 2007 жылдың аяғында электр энергиясын өндіру мен тұтыну небәрі 77 миллиард кВт-сағатқа дейін өскен.

Әлемдік дағдарыстан сабақ алып, 2009 жылы үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың алғашқы бесжылдығын бастадық. Ол бағдарламаның қаншалықты сәтті аяқталғаны бөлек мәселе. Бірақ, электр энергетикасын өндіру үшін шекті тарифтерді белгілеу саясаты өте сәтті болды. Естеріңізде болса, Энергетика министрлігінің бұйрығымен барлық электр станциялары үшін шекті тариф бекітілді. Тарифтердің ішіне пайдалану шығындарымен қатар, қайта жаңарту және модернизациялау шығындары да енді. Мұндай тарифтер 2009 жылдан бастап, 2015 жылға дейін жыл сайын алдын-ала көтеріліп отырды. Және олардың тозығы жетіп істен шығып қалған энергоблоктары қайтадан қалпына келтіріліп, біздің жүйеге 1000 МВт қосылды. Оның ішінде 300 МВт СЭС-ке, 500 МВт ЖЭС-ке кетті.

Шекті тарифтік бағдарлама неліктен сәтті болды? Дағдарыстан кейінгі 2009 жылдың басында теңге девальвацияға түсті. Доллар бағамы 155 теңгеден 180-ге дейін өзгергенін есептемесек, 2009 жылдан 2014 жылға дейін ұлттық валютаның бағамы іс жүзінде тұрақты болды.

2009-2015 жылғы тарифтік бағдарлама аяқталғаннан кейін Энергетика министрлігінің басшылығы не істеді?

Әрине, шекті тарифтер тәжірибесі электр желілеріне де, барлық коммуналдық қызметтерге де тарала бастады. Себебі жүйенің өзі сәтті еді.  Бірақ, іс жүзінде Энергетика министрлігі соңғы төрт жылда бар күш-жігерін теңгенің құнсыздану салдарын азайтуға жұмсады. 2015-2016 жылы доллардың теңгеге шаққандағы құны 180 теңгеден 360 теңгеге дейін өсті. Егер бұл тауар экспортерлері үшін жағымды жаңалық болса, энергетиктер үшін ауыр соққы еді.

Электр энергиясы нарығындағы табыстың барлығы – ұлттық валютада, ал жабдықтар, қосалқы бөлшектер, шығын материалдары және тағы басқалары валютаға сатып алынады. Бұл саладағы импорттың үлесін барлық шығындардың кем дегенде үштен бірі деп есептесек, ұлттық валютаның айырбас бағамының жартысын жоғалтуы тарифтік кірістің кемінде 15-20 пайызға төмендеуіне әкелді.

Сонымен бірге энергетикалық компаниялар модернизацияға қарызды валютамен алған кездері болды. Девальвациядан кейін олардың қарыз бойынша төлемдері екі есеге артты. Шынын айту керек, тіпті қазірдің өзінде несиеден арылу міндеті толығымен шешілген жоқ: 2020 жылдан бастап 2028 жылға дейін Мойнақ СЭС-ін салу, Шардара СЭС-ін жаңарту, Алматыдағы ЖЭС-тің сегізінші қазандығы үшін алынған несиелерді қайтару үшін Самұрық-Энергоның тарифтік кірісінен 100 миллиард теңгеден астам қаржы қажет болады.

Екінші жағынан, үшінші онжылдықта пайда болатын түйткілді мәселені шешудің іргелі тетігі жасалды. Оның атауы – сыйымдылық нарығы. Нарық 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейді. Қазір Қазақстанда екі нарық бар: электр энергиясы нарығында нақты тұтынылатын электр сатылады, ал электр энергиясының сыйымдылығы нарығында энергия жүйесінің кез-келген уақытта қажет болуы мүмкін сұранысты өтеуге дайындығы үшін ақы алынады.

Бұл – дұрыс ұйымдастырылған схема. Бас кезінде қиындықтары болады. Қуаттылық нарығы барлық электр станцияларын қамтып қана қоймай, девальвация нәтижесінде қалыптасқан валюталық қарызды жауып отыр.

Жалпы, Энергетика министрлігінің алдыңғы жұмысының нәтижелері мен алда тұрған міндеттерді қорытындылай отырып, мынаны айтуға болады. Алда үлкен серпіліс болмақ. Себебі қазіргі жағдайдың өзі соған жетелейді.

Қазір маневрлік электр энергиясына, яғни энергияны тұтынудың күнделікті кестесін өзгерте отырып, жүктемені жылдам алуға және түсіруге қабілетті электрге деген сұраныс бар. Бізде өкінішке қарай, энергияның бұл түрі бойынша олқылықтар болды. Онымен қатар, қайта өндірілетін энергия көздері дамып келеді.

Егер ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық кезеңінде балама энергия көздерінен 400 МВт-ға жетпейтін энергия өндірсек, 2018 жылдың өзінде аукциондарда 1000 МВт жел және күн энергиясы сатылды. Ал 2019 жылы ол көрсеткіш тағы 255 МВт-ке артты. 2019 жылдың қорытындысы бойынша балама энергияның үлесі барлық өндірілген энергияның шамамен 2 пайызына жетті. Елімізде 100 мегаваттық күн электр станциялары Алматы маңындағы Қапшағай аймағында, Қарағанды ​​облысының Саран қаласында, Жамбыл облысының Бурное ауылында іске қосылды. Бүгінде Жамбыл облысында 50 мегаваттық жел станциясы, Ерейментау қаласында 45 мегаватт жел станциясы, Маңғыстау облысында 42 мегаватт жел станциясы бар. Нұр-Сұлтан қаласының маңында 100 мегаваттық жел станциясының бірінші кезегі іске қосылды.

Бірақ энергожүйеміз ескіріп барады. Қазақстанның жылу электр станцияларының тең жартысына 30 жылдан асты. Жалпы қуаттылығы 2860 МВт болатын 145 турбина қондырғысының 38-і өз ресурсын тауысты. Бұл қондырғылардың жалпы санының 26 пайызын құрайды. Сонымен қатар, 5 жыл ішінде жалпы қуаттылығы 4280 МВт болатын 35 турбиналық қондырғының ресурсы бітеді.

Енді бәрі ойдағыдай болса, қуат артуы тиіс. Сол кездегі министр Қанат Бозымбаевтың бұйрығы бойынша, жылына 380 МВт-ке арттыру жоспарланған.

Айтпақшы, дәл сол 2025 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын құру көзделіп отыр. Қазақстанның электр энергетикасы саласын да оған алдын-ала дайындау керек.

Қиын-қыстау кезеңде Бозымбаев сынды тәжірибелі басшының болуы энергетика саласын табыс пен сәттілікке алып келді. Сондықтан алда күтіп тұрған үлкен серпіліске барлық мүмкіндік бар».

Тегтер: