26 Ақпан 16:40

Өзбекпен өзара саудада НЕГЕ 5 миллиардқа жете алмадық?

Фото:

Үкімет Өзбекстанмен арадағы сауда айналымын қалайда 5 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр. Бір жағынан алғанда, қоян-қолтық отырған көршілер үшін 5 млрд деген көрсеткіш түк емес. Бірақ, соның өзіне жету оңай болмай тұр.

2019 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауарлар мен қызметтердің сыртқы сауда айналымы 4,1 млрд долларын құрады. Біздің алыстағы Италиямен жылдық тауар айналымымыз 13 миллиард доллардан асады. Сондықтан қазақ-өзбек сауда байланысының әлі күнге дейін әлсіз екенін мойындау керек. Оны күшейту үшін түрлі шаралар қарастырылған. Бүгін Ургенчте екі ел арасындағы аймақаралық ынтымақтастық форумы аяқталды. Оның аясында кеше 120 миллион долларға келісім-шарт жасалған. Бүгінгі контракттар көлемі одан да көп дейді, сарапшылар. Қазақстаннан барған Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев форумда сөз алып, өзара тауар айналымын 5 миллиард долларға дейін жеткізу міндеті қойылып отырғанын хабарлады.

"Біз екіжақты экономикалық ынтымақтастықты кеңейту тенденциясын жоғары бағалаймыз. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Өзбекстанда экономиканың түрлі салаларындағы 3000-нан астам компания сәтті жұмыс істейді. Қазақстан тиімді бизнес серіктес болғысы келеді. Сауда және экспорт саласындағы желілік идеяны белсенді түрде дамытуға дайынбыз".

Бұл жолы қазақстандық экспозиция бірыңғай ұлттық стенд форматында ұсынылып, тамақ өнеркәсібі мен өнеркәсіп саласындағы 27 компанияның өнімдері мен қызметтері, 13 автокөлік құралдары қойылды. Олардың ішінде өзбек нарығына қызықты болатын тауарлар мен ұсыныстар бар.

Тегтер: