20 Қаңтар 14:10

Мұнай мен металл. Мол салық төлейтін алпауыттар арасында НЕГЕ IT-компаниялар жоқ?

Фото:

LS журналы 2019 жылдың қортындысы бойынша Қазақстандағы ең белсенді салық төлеушілерінің тізімін жариялады. Әдеттегідей, ел бюджетінің негізгі бөлігін мұнай мен газ өндірумен айналысатын кәсіпорындар құрап отыр. Шын мәнінде, бұл "экономиканы диверсификациялаймын" деп уәде берген мемлекет үшін өте жағымсыз нәтиже.  

Бюджетке барынша көп салық төлегендер тізіміндегі бірінші орынды Теңізшевройл сақтап қалды. ТШО 2018 жылы 1,95 триллион теңге салық төлесе, өткен жылы да бюджетке дәл осы көлемде кіріс әкелген. Қазіргі уақытта кәсіпорынның тек 20% -ы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі, қалған бөлігі Шеврон (50%), ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc. (25%) және LukArco (5%) бірлескен кәсіпорны арасында бөлінген.

Фото: Сәрсенбек Қызайбек

Екінші орында Karachaganak Petroleum Operating B.V. консорциумы келеді. Бірақ, KPO төлейтін салық көлемінің жылдан-жылға азайып келетіні алаңдатып отыр. 2019 жылы концорциум 616,9 миллиард теңге салық төлеген. Бұл 2018 жылдың көрсеткішінен аз. 2018 жылы KPO бюджетке 680,1 миллиард теңге кіріс түсірген болатын. 

15 мұнай және газ кен орындарын игеретін "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы 2019 жылы ел бюджетіне 366,3 миллиард теңге салық төледі. Компанияның негізгі өндірісі Қаламқас және Жетібай кен орындарында орналасқан. Сонымен бірге, ірі салық төлеушілердің алғашқы ондығына "Ембімұнайгаз", "Өзенмұнайгаз"», "СНПС-Ақтөбемұнайгаз", "Қазгермұнай" мен "Қаражанбасмұнай" компаниялары еніп отыр.

Әлем бойынша капиталдануы жылдам өсіп келе жатқан компаниялардың дені IT, технологиялық құрылымдар екенін жазған болатынбыз. Бірақ елімізде ондай өзгерістің лебі де сезілмейді. Мұнай-газ компаниялары бюджеттің басым бөлігін құрып келді және осы күйімен қала бермек. Бұл өте қауыпті тенденция. 

Тақырыпқа орай: Google Қазақстаннан 5 жарым есе қымбат

 

Мысалы, технологиялық деуге келетін "Казақтелеком" 43,3 миллиард теңге салық төлеп, тек 26-шы орынды иеленіп отыр. Оның өзінде ол квазимемлекеттік сектордағы ұлттық компания. Жеке технологиялық компаниялардан "Kaspi Bank" қана 30-шы орынға әрең ілінді. Салықты ең көп төлеген алғашқы отыздықта "Қазақтелеком" мен "Kaspi Bankтен" басқасының барлығы жерасты қазбаларды игереді. Сондықтан, біздің тәуелсіз экономикамыздың бар жеткен қауқары - 30 жыл бойы жердің астын қазып, ондағы күрекке іліккен нәрсені шетелге сату болып отырғанын мойындауымыз керек.  

Тегтер: