8 Ақпан 11:48

Құрлықтағы Қазақстанға теңіз деңгейінің қандай қатысы бар?

Фото:

Moody's келесі он жылда теңіз деңгейінің көтерілуі жағалаудағы және аралда орналасқан мемлекеттердің дегбірін қашырады деп санайды. Мұхитқа жақын елдер дауыл, су тасқыны және циклондардың астында қалмақ. Бұл өз кезегінде әлеуметтік-экономикалық ахуалдың нашарлауына әкелетін болады.

Сондықтан рейтинг агенттігі тіпті Мысыр, Вьетнам, Багам аралдары, Суринам сияқты ондаған елдердің суверенді рейтингтерін қайта қарау мүмкіндігін жасырмайды. Құрлықта тұрған Қазақстанға ондай қауып жоқ деп жазады Tengenomika. Бірақ жыл сайын елде жүретін су тасқыны экономикаға қыруар шығын әкелуде. Алайда, ең қызығы, Қазақстанда көктемгі су тасқыны салдарынан жыл сайынғы жалпы шығын туралы әлі ресми мәлімет жоқ.

Фото: fergana.agency

Экономистердің айтуынша, біздегі су тасқыны мен азық-түлік бағасы қымбаттауының арасында тікелей байланыс бар. Халық діттеген жеріне жете алмайды, логистика, жүк тасымалы бұзылады. Көлік пен электр желілері істен шығып, мал бордақылайтын баздарды су басатын болған. Көктем келсе болды, жылыжайлар, азық-түлік қоймалары зардап шегуде.

Ең құқай көретіні - ауыл. Сондықтан тұрғындар су баса беретін ауылдарынан көшіп кетуге тырысады. Бұл урбанизацияның күшеюіне әкеліп соғады. Осыған орай, су тасқыны тек төтенше жағдайлар министрлігі мен әкімдіктердің ғана емес, сонымен бірге Ұлттық экономика мен қаржы министрліктерінің қаперінде болған жөн дейді, сарапшылар. 

2019 жылы Қазақстан Ішкі істер министрлігі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды болдырмауға мемлекеттік бюджеттен 72 млрд теңге алған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 59 пайызға артық. 

Тегтер: