27 Қаңтар 12:00

Коронавирус пен Қазақстан экономикасы. Температурамыз қандай?

Фото:
Коронавирус адамдарды ғана емес, экономиканы да "түшкірте" бастады. Қытай экономикасының эпидемиядан әлсіреп бара жатқаны байқалады. Ол Қазақстанға да жағымсыз әсерін тигізбек. 

 

Қытай билігі бүгін коронавирустың экономикалық проблемаға айналғанын мойындады. Ең алдымен, жолаушылар ағыны құлдыраған. Көлік министрінің орынбасары Лю Сяоминнің айтуынша, жол жүру көлемі 28,8% -ға азайды. Авиакомпаниялар мен теміржолшылар шығынға ұшырауда. Әуе тасымалы 41,6%, теміржол тасымалы - 41,5%-ға төмендеген. 

Фото: tvc.ru

Ол өз кезегінде ішкі жалпыұлттық өнім көрсеткішінің нашарлауына әкеліп соқты. Barclays Capital коронавирус кесірінен Қытайдың ішкі жалпыұлттық өнімі 0,2% -ға төмендейді деп болжап отыр. Қытай компанияларының акциялары өз бағасын жоғалтып, ішкі тұтынуда теңдік бұзылған. Енді коронавирус теңгеге де ауыз салуы мүмкін дейді, Finance.kz

Вирус қаржы нарықтарына салмақ түсіре бастады. Мұның Қазақстанға да соққы болып тиері анық. Мұнай баррелінің бағасы күтпеген жерден 60 доллардан төмендеді, мыс өз құнын жоғалтып алды, Ресей рубльдің долларға шаққандағы бағамы 62-ден асты. Мұның бәрі теңге бағамына әсер етпей қоймайды. 

2019 жылдың аяғы теңге үшін сәтті болса да, енді коронавирус ұлттық валюта бағамын құнсыздандыруы мүмкін. Сарапшылар оны нақты болжау үшін алдағы апта бойы индекстердің құбылуын зерттемек. Әлемдік қауіпке келсек, ең алдымен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің туризм саласы зардеп шегетіні анық. Туризмнен жақсы табыс тауып отырған Малайзия, Вьетнам, Тайланд экономикалары ауыр соққыдан есеңгіреп қалатын болды.

Тегтер: