11 Қазан 21:00

Клиент және мемлекет. Жаңа тұжырымдама НЕГЕ тұтынушының құқын қорғауды жақсартады?

Фото:

Сауда саласын дамыту тұжырымдамасына сай, мемлекет тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруді көздеп отыр. Ол үшін бизнес шағымдарды қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне ерікті түрде тіркелуі тиіс. Ал Үкімет бизнесті осы бағытта ынталандыратын болады.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы шағымдарды қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі биылдан бастап іске қосылды. Әрине, дәл қазір ол кең ауқымда жұмыс істеп үлгерген жоқ. Бірақ басты идеясы, тұтынушылардың құқықтарын кешенді түрде қорғау.

Мұндай жүйені құрудың мақсаты тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың барлық шараларын бір жерде шоғырландыру, шағымдарды дайындау және оны құзыретті органдарға жіберу рәсімдерін оңайлату, сондай-ақ барлық өтініштер мен оларды қарау және азаматтардың жүйелі проблемаларын анықтау нәтижелерін цифрлау болып табылады.

Осы бірыңғай ақпараттық жүйеде тұтынушы түрлі тәсілдермен шағым беру мүмкіндігіне ие болады. Бұл ретте жүйеде барлық мемлекеттік органдардың тізбесі және оларды реттеу салалары көзделген. Осының арқасында тұтынушы шағымды қандай мемлекеттік органға жіберетінін біліп отырады.

Бұл жүйеде бизнесті тіркеу кәсіпкерлерге тұтынушылық шағымдар мәселесін дербес шешуге немесе сотқа дейінгі реттеу институтын пайдалану арқылы шешуге, яғни мемлекеттік билік органдарының дау-дамайға артық тартылуын болдырмауға мүмкіндік береді. Бизнестің іскерлік беделін сақтау мақсатында тұтынушылар көтерген проблемаларды талдау кәсіпкерлерге тауарлар мен қызметтердің сапасын жақсартуға, өндірісті жаңғыртуға және жетілдіруге, сондай-ақ сотта дауларды шешуге арналған шығындарды азайтуға мүмкіндік ашпақ. Сондай-ақ, жүйе тұтынушыларға бизнеспен оңай байланысуға, сауда қызметінің субъектілерін сәйкестендіруге және олардың орналасқан жерін анықтауға мүмкіндік беретін ақпаратты уақытылы таратуға ықпал етеді. Сонымен бірге жүйе маркетингтік зерттеулер жүргізуге жол ашады, ал тұтынушыға шағымды жеңілдетілген тәртіппен жіберуге мүмкіндік береді. Ол үшін жүйеде дау мәні мен қызмет көрсету саласына байланысты бірқатар типтік шағым нысандары орналастырылды.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды бірыңғай ақпараттық жүйеге енгізу 2021 жылдан бастап жоспарлануда.

Адал бәсекелестікке қалай жол ашуға болады?

Үкімет халықты хабардар ету және тұтынушыларды тауарлар мен қызметтерді кең таңдаумен қамтамасыз ету мақсатында тұтынушылар үшін неғұрлым қызықты тауарлар мен қызметтер топтары бойынша кәсіпкерлердің «ақ тізімдері» деп аталатын ерікті рейтингтерін енгізбек. Рейтинг кәсіпкердің дауды қарау, тауардың немесе қызметтің сапасы мен бағасының арақатынасы, сервистік қызметтерді бағалау, өндіріс және өткізу шарттары сынды критерийлерге деген бағасын қамтиды. Осы шараны іске асыру үшін тұтынушылардың қоғамдық ұйымдарының тұтынушыларға ұсынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің сапасын бағалау мәніне кәсіпкерлік субъектілерінің тәуелсіз рейтингтерін жүргізу әдістемесі әзірленбек.

Клиенттер мен қоғамдық бірлестіктер

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінде тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне ерекше орын бөлінген. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған қызметті жүзеге асырады. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жүргізілген социологиялық және талдамалық зерттеулердің нәтижелері халықтың 64%-ының тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі арнайы заңның бар екендігі білмейтіндігін анықтаған. Өз құқықтарын қорғау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға тұтынушылардың тек 11 пайызы ғана жүгінеді.

Осыған байланысты, қоғамдық бірлестіктердің негізгі жұмысы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ өз құқықтары мен міндеттерін білетін тұтынушы қалыптастыру болуы тиіс.

Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері азаматтар арасында үлкен сенім мен беделге ие. Олар мұны тәжірибеде жүзінде дәлелдеп келеді. Қаржыландырудың тұрақты көздері болған жағдайда тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері өңірлерде неғұрлым ауқымды қызметті жүргізуге дайын.

Тұтынушы құқығын қорғау саласындағы мемлекеттік саясат қандай?

Мемлекеттік органдардың қызметін салааралық үйлестіру тұтынушылардың шағымдарын, оның ішінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы шағымдарды қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы келіп түсетін шағымдарды талдау және есептілік негізінде жүзеге асырылатын болады. Олар жыл сайын Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің қарауына шығарылатын болады. Бұл алаңның негізгі мақсаты – тұтынушылардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған тиімді кешенді шараларды әзірлеу.

Құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, азаматтық қоғам, бизнес субъектілері кіретін алқалы органның шешімдері проблемалық заң нормасын дереу өзгертуге, мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдердің тиімділігіне тиісті бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тегтер: