17 Қаңтар 16:52

Қазақстанда тұрғын үй сертификаты ескі баспана сатып алуға да берілмек

Фото:

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тұрғын үй сертификатын беру тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізеді.

Алматы, NEGE.  Жаңа ереже бойынша бұдан былай тұрғын үй сертификатын ескі үй сатып алатындарға да беру көзделген. Мұндай мемлекеттік көмектің көлемі 1 млн теңгеге дейін барады.

Үміткерлердің орташа табысына қойылатын талаптар да өзгерді. Бұған дейін ол бір ең төменгі күнкөріс көрсеткішімен шектелетін. Енді үміткер мен оның отбасының соңғы жарты жылдағы орташа табысы (зейнетақы, жеке табыс салығы және тағы басқа міндетті төлемдерді есепке алмағанда) екі күнкөріс минимумы көлемінен (62 366 теңге) аспауы керек. Егер орташа табыс бұдан асып кетсе, тұрғын үй сертификаты бюджеттік несие есебінде 20 жылға дейін 0,15% жылдық өсімақымен беріледі.

Жаңа ереже бойынша сертификат беру туралы шешімді жергілікті әкімдік өтініш қалдырған соң сегіз жұмыс күні ішінде шығаруы тиіс. Тұрғын үй сертификаты  бір рет қана беріледі.

Тұрғын үй сертификаты Қазақстанда 2019 жылдан бастап беріле бастады. Бұл мемлекеттік көмек әлеуметтік жағдайы әлжуаз отбасылары үшін ипотекалық алғашқы төлемінің бір бөлігін өтеуге арналған.

 

Тегтер: