20 Тамыз 18:32

Қашықтыққа ғашықтық. Жұмыссыздар мәселесін «удаленка» арқылы шешуге бола ма?

Фото:

Үкімет «жұмыссыздар саны 8 есе көбейді» дейді. Алайда мәселені шешу жолында баяғы ескі әдістерден арыла алмай отыр.

Егер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа тенденциялардың шешімін таба алса, онда аймақтардағы теңсіздік пен жұмыссыздық мәселесін толық шешуге болады. Тым құрығанда проблеманың салмағын азайтуға мүмкіндік туады.

«Жұмыссыздық мәселесін шешудің қазіргі ең оңтайлы жолы оны цифрландыру», – дейді, Экономикалық бастамаларды қолдау қорының (ЭБҚҚ) сарапшылары. «Басқа елдердегідей жұмыссыздықпен қатар көбейген бос орындар парадоксы Қазақстанда да бар».

«Бұл құбылыстың басты белгісі – жұмыссыздық саны артып, онымен қатар бос тұрған жұмыс орындары да көбейеді. Батыс Еуропа елдерінде оның себебі түсінікті. Жұмыссыз ретінде тіркеліп, әлеуметтік жәрдемақы алып отырғандар мемлекет көмегінен айрылғысы келмейді. Жәрдемақы алып, оның үстіне салық төлемейтіндіктен, оларға жұмыссыз болып жүре берген тиімді. Ал бізде жұмыссыздықтың бір ұшы ұйымдастырудағы олқылықтарда жатыр»

Жұмыссыздықты цифрландыру қай жұмысты қолымен істеу, ал қай жұмысты қашықтықтан онлайн атқаруға болатынын анықтап беретін еді. Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің цифрландырудағы бар жетістігі – электрондық еңбек биржасы. Бірақ ол туралы халықтың басым бөлігі ештеңе білмейді. Электронды биржаны кең насихаттау жолға қойылмаған. «Алматылықтар үшін айлығы аз жұмыс Талдықорғанда тұратын азамат үшін лайықты болып көрінуі мүмкін. Егер оны қашықтықтан атқара алса, Талдықорғанда өмір сүріп, Алматыдағы қызметті істей беретін еді», – деп жалғастырады ЭБҚҚ сарапшылары.

Онлайн технологияларды пайдаланып, ірі қалалардың есебінен аймақтардағы жұмыссыздықты азайтуға болады. Тиісінше, мегаполистердегі айлығы аздау, сондықтан бос тұрған жұмыс орындары да өз иелерін табады. Бір өкініштісі, бізде нарықта бос тұрған вакансиялардың ішінде қаншасын қашықтықтан істей беруге болатыны туралы еш статистика жоқ. Мұндай сараптама бәрімізге ауадай қажет және бұл министрліктің ең алдымен атқаратын шаруасы болуы тиіс еді.

Қазір жұмысты қашықтықтан ұйымдастыру ең алдымен жұмыс берушінің өзіне тиімді. «Компаниялар онлайнға көшудің арқасында шығындарын азайтып жатыр. Әрбір жұмысшыға жеке бөлме, офистің қажеті жоқ. Арендадан ұтады, коммуналдық шығындарды қысқартады», – дейді Ryskulov Analytics сарапшысы Жасұлан Көшеев.

«Тағы бір артықшылығы бар. Америка Құрама Штаттарында осы тақырыпты Гарвард, Стэнфорд сынды оқу орындарындағы ғылыми орталықтар зерттеп жатыр. Гарвард жүргізген зерттеу қортындысы бойынша, қызметкерлерін қашықтықтан жұмыс істеуге көшірген компаниялардың тиімділігі 4 пайызға артқан. Қызметкерлер үйде отырған кезде жұмысқа көп көңіл бөлетін болып шыққан. Ал керісінше, офисте жұмысшылар ұсақ-түйекке көп алаңдайды, әріптестерімен әңгімелесіп, уақытын текке жұмсайды. Стенфорд университетінің зерттеуінше, қашықтықтан қызмет ету адамдардың жұмыс орнын ауыстыра бермей, бір орында тұрақтауын күшейткен. Компания үшін бұл үлкен нәтиже. Себебі қызметкерлері тұрақсыз болса, компанияның біршама табыстан айрылатыны белгілі. Бұл ретте жұмысшылардың өз қызметіне қанағаттануы, мотивация деңгейі жоғары болады»

Қазір ай сайын 60 мың қазақстандық жұмыспен қамту орталықтарына жүгінетін болған. Оларға жұмыс тауып беру үшін мемлекет екі бірдей жоба – «Еңбек» бағдарламасы мен Жұмыспен қамтудың жол картасына қаржыны үйіп-төгуде. Бірақ оның қорыта келгендегі тиімділігін кейін есептеу шығару қиын болады. Сондықтан бұл салаға тез арада цифрландыру бойынша жобаларды енгізу қажет.

Тегтер: