28 Мамыр 13:29
...

Қашаған кен орнында газ өңдеу зауыты салынады

Фото:

Отандық геологиялық барлауға тартылған инвестиция көлемі 158 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы күні кеше Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев халық алдында есеп беру кезінде айтты.

Алматы, NEGE. Былтыр жер қойнауын пайдалану бойынша қазақстандық мамандарды оқытуға 21 млрд теңге жұмсалған. Бүгінде Қазақстанда көмірсутек шикізатын барлау мен өндіруге арналған 235 келісімшарт тіркелген, оның ішінде: барлауға – 54, бірлесіп өндіруге – 96, өнімді бөлу туралы келісім бойынша – 11. Ал уран бойынша 25 келісімшарт жасалды деді Нұрлан Ноғаев. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылар есебінен 144 мыңнан астам қазақстандық маман оқытылды. Біліктілігін арттырып, қайта даярлау курстарынан өтті. Қазіргі уақытта ведомство жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын қаржыландыру бойынша міндеттемелерін орындап жатыр. 

2022 жылы Қашаған кен орнында тәулігіне 450 мың баррельге дейін мұнай өндіре алатын жаңа газ өңдеу зауыты салына бастайды. Бүгінгі таңда жоба бойынша компрессорларды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Былтыр мұнай және конденсат экспортының көлемі 72 млн 200 мың тонна болса, биыл 67 жарым млн тоннаны құрайды. Алдағы уақытта Теңіз кен орнында құны 45 млрд 200 млн долларға тең және оның ішінде отандық үлесі 36%, яғни 16 млрд доллар құрайтын кеңейту жобасы жүзеге асырылады. 230-ға жуық отандық сервистік компания құрылыс жұмыстарына, металл конструкциясын жасауға тартылды. Жоба аяқталған соң қосымша 12 млн тонна мұнай өндіруге болады деді Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.

Тегтер: