7 Ақпан 11:56

Қанша кәсіпкер салықтан босатылады?

Фото:

Алдын ала есептеулер бойынша, табыс салығын төлеуден 1,2 млн жуық салық төлеуші 380 млрд теңгеден астам сомаға, үш жыл мерзімге босатылады.

Алматы, NEGE. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы хабарлады. Қазақстан Үкіметі еліміздегі бизнес ахуалды жақсарту мақсатында қолданыстағы заңнаманы реформалау, рұқсат беру жүйесін жетілдіру, бизнесті құру рәсімдерін жеңілдету, мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін оңтайландыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр.

Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2019 жылдың 9 айында ЖІӨ-дегі ШОК үлесі 29,5%-ды құрады, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,6%-ға артық (2018 жылғы қаңтар-қыркүйекте – 28,9%).

Сонымен қатар 2019 жылдың қаңтар-маусым айларында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығаруы 12 662,7 млрд теңге болып, 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,8%-ға артты (2018 жылдың қаңтар-маусым айларында – 10 638 млрд теңге).

2019 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша тіркелген ШОК субъектілерінің саны 1,6 млн бірлікке тең болды, бұл көрсеткіш 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1%-ға жоғары, жұмыс істеп тұрған субъектілердің саны 7,8%-ға өсіп, 1,3 млн бірлікті көрсетті. 

Бизнесті жақсарту жөніндегі заңнамалық нормаларды енгізумен қатар, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы және басым жобаларды несиелеу тетігі аясында бизнеске қаржылық қолдау көрсетіледі.

Бұл ретте Бағдарламаны жүзеге асыру үшін алдағы 4 жылға 421 млрд теңге мөлшерінде бюджет қаражаты бөлінді.

Тегтер: