11 Желтоқсан 07:35

Ереже шықты: Зейнетақы жинағын қалай және не үшін алуға болады?

Фото:

«Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсаттарына пайдалану қағидалары» заң жобасы аясында сұрақ көп. Қарапайым халық зейнетақы салымындағы жинаған ақшасының бір бөлігін алуға мүмкіндігі бар ма? Оны кімдер алады? 

Көптен күткен зейнетақы жинағының бір бөлігін алудың ережесі шығып, талқылауға ұсынылды. Бұл құжат бойынша 22 желтоқсанға дейін ұсыныс-пікір білдіруге әбден болады. Ол үшін мына сілтемені басып, сұрағыңызды қоя аласыз. Заң 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Сонымен, «Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсаттарына пайдалану қағидалары» заң жобасына сәйкес, келесі жағдайларда ақша алуға болады:

1) тұрғын үй сатып алу, оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты ресімдеу, жекешелендіру, бөліп-бөліп төлеу, тұрғын үйді айырбастау арқылы сатып алу;

2) сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша берешекті ішінара/толық өтеу;

3) жеке тұрғын үй құрылысы немесе жер учаскесін сатып алу (нысаналы мақсаты – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық);

4) екінші деңгейдегі банктерден, ипотекалық ұйымдардан тұрғын үй сатып алуға, оның ішінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты ресімдеу, тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында сатып алу құқығымен жалдау, жекешелендіру, бөліп-бөліп төлеу, тұрғын үйді айырбастау, жеке тұрғын үй салу және (немесе) жер учаскесін сатып алу (нысаналы мақсаты – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық) үшін ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу.

5) алдын ала тұрғын үй қарызын, аралық тұрғын үй қарызын, банктен тұрғын үй сатып алуға тұрғын үй қарызын алу мақсатында, оның ішінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты ресімдеу, тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында сатып алу құқығымен жалдау, жекешелендіру, бөліп-бөліп төлеу, тұрғын үйді айырбастау, жеке тұрғын үй салу (нысаналы мақсаты – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық  үшін бар жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда) мақсатында, сондай-ақ ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру мақсатында тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт бойынша салымды толықтыру.

Бір банктік қарыз шарты шеңберінде алдын ала тұрғын үй қарызын, аралық тұрғын үй қарызын, тұрғын үй сатып алуға және оған жөндеу жүргізуге тұрғын үй қарызын беруді жүзеге асыруға жол беріледі.

6) тұрғын үй сатып алуға, оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты ресімдеу, сатып алу құқығымен жалға алу, жекешелендіру, бөліп-бөліп төлеу, жеке тұрғын үй салу және (немесе) жер учаскесін сатып алу (нысаналы мақсаты – жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық) жолымен, сондай-ақ осы тармақшада көзделген мақсаттарға бұрын алынған ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру мақсаттарына алынған ипотекалық тұрғын үй қарызы, алдын ала тұрғын үй қарызы, аралық тұрғын үй қарызы, тұрғын үй қарызы бойынша берешекті ішінара/толық өтеу;

7) алушының жұбайына (зайыбына), алушының жақын туыстарына, оларға тиесілі біржолғы зейнетақы төлемдерін алушының пайдасына тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін басқаға беру. Бұл жағдайда алушының жұбайының (зайыбының), алушының жақын туыстарының зейнетақы төлемдері алушының арнайы шотына есептеледі, ол осы тармақтың 1 2), 3), 4), 5) және 6) тармақшаларда көзделген мақсаттарға ғана пайдаланылады.

8) Алушылар өздерінің зейнетақы жинақтары шегінде біржолғы зейнетақы төлемдерін шектеусіз және осы Қағидаларда көзделген таңдап алынатын мақсаттар санын шектемей пайдалана алады.

9) Өзінің жұбайынан (зайыбынан), өзінің жақын туыстарынан біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып, жылжымайтын мүлікті сатып алуға жол берілмейді.

Заң жобасында дәл осылай тәптіштеп жазылса да, көкейде сұрақ көп. Зейнетақы салымындағы ақшаның бір бөлігі кімге бұйырады? Әрине, айлығы жоғарыларға ғана. Ал пәлен жыл жұмыс істеп, тірнектеп жиғаны алуға болатын сомадан артылмаса ше?

Айдар Әлібаев, экономист:

Халықтың 80 пайызы зейнетақы салымындағы ақшаны пайдалана алмайды

 – 2021 жылдың қаңтарынан азаматтардың зейнетақы салымының бір бөлігін алуға байланысты заңнамалық құжат заңды түрде қолданысқа енуі керек. Жұрт бұл ақшаға үй алуға, ем алуға немесе бір бөлігін жекеменшік басқару компаниясына аударады. Қазірдің өзінде мұның операторы – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі болатыны бекітілді.

Яғни, азаматтар бұл ақшаны қолына ала алмайды. Келісім-шарт бойынша ақша бірыңғай зейнетақы қорынан Тұрғын үй жинақ банкіне аударылады. Одан кейін ақша азамат таңдаған пәтерді салған құрылыс компаниясының есепшотына түседі.

Оның үстіне Еңбекті қорғау және әлеуметтік даму министрі арнайы лимит енгізді. Ақшаның бір бөлігін алу үшін зейнетақы қорында қанша салым жинау керек екені нақтыланды. Мәселен, 30 жастағы азаматтың шамамен 3 млн салымы болуы керек. Жас ұлғайған сайын жинаған ақша көп болуы тиіс. Сіз бен бізге белгілі, қазір халықтың зейнетақы қорында жинаған салымы өте аз. Орташа есеппен 1 млн және 1,5 млн ғана. Ал министрліктің қорда болуы тиіс деген сома өте жоғары. Сол себептен көптеген адам бұл мүмкіндікті пайдалана алмайды. Елімізде мұндай азаматтар – 80 пайыз. Яғни, халықтың басым бөлігі зейнетақы салымындағы ақшаның қызығын көрмейді. Ал зейнетақы салымында жинаған ақшасы көп азаматтардың әлеуметтік жағдайы жақсы. Қос-қостан баспанасы да бар. Меніңше, зейнетақы салымын солар ғана пайдасына жарата алады.

Тегтер: