9 Шілде 14:20

Екі планета. Шенеуіктер мен сарапшылар болжамы НЕГЕ әртүрлі болып келеді?

Фото:

Қазақстан экономикасының 2020-21 жылдардағы тағдыры бойынша пікір білдіргендерді оптимистер мен пессимистер деп екіге бөлуге болады. Мемлекет, дәлірек айтсақ оның өкілдері классикалық жанрда "Бәрі жақсы болады" десе, халықаралық ұйымдар мен отандық сарапшылар экономиканың қиын жағдайдан тез шыға алмайтынын ашық айтады.

Халықаралық аудиторлар арасындағы үлкен төрттікке кіретін KPMG "Пандемия кезінде Қазақстан үкіметінің бизнесті қолдауға бағытталған шаралары қаншалықты тиімді?" деген тақырыпта зерттеу қортындысын ұсынды. Бизнес өкілдерінің пікірінше, зардап шеккен кәсіпкерлердің тең жартысы мемлекет көмегіне қол жеткізе алмай отыр. Сонымен бірге, мемлекет жариялаған шаралардың ішінде салықтан түсетін табыстың 80%-ын алып келетін және адамдардың 60 пайызына жұмыс тауып беріп отырған ірі кәсіпорындарды қолдау мәселесі мүлде көтерілмеген.

Сонымен бірге, аудиторлар Халықаралық валюта қорының биылғы жылдың қортындысы бойынша елдегі жалпыұлттық ішкі өнімнің құлауы -2,7% болады деген нақтыланған болжамын алға тартады.

Енді шенеуіктер не дейді? Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Тәкиев брифинг беріп, 2020 жылдың қорытындысы бойынша жалпыұлттық ішкі өнім аздап өсім көрсетуі мүмкін деп мәлімдеді.

«Өздеріңіз де білесіздер, экономика болжамы сәуір айының басында нақтыланған еді. Сол кезде біз консервативті болжам жасап, барынша орташа мәліметтерді қабылдаған едік. Қазіргі уақытта коронавирус індетіне, сауда соғыстарына, протекционизмге және энергия ресурстарына бағаның айтарлықтай құлдырауына байланысты соңғы ғасырдың ішінде алғаш рет әлемдік экономиканың қатты қысқаруы байқалады. Осы жылдың 5 айының қорытындысында бізде қызмет көрсету секторы 6,2 пайызға төмендеді. Тауарлар өндірісі оң қарқын сақтап отыр. Өндірістік сектордағы өсім 4,8 пайызды құрайды. Бұл 5 айдың қорытындысындағы нақты сандар».

Кейде біздің ел мен халықаралық қауымдастықтың ішкі жалпыұлттық өнімді есептеу методикасы әртүрлі емес пе деген ойға қаламыз. Бірақ олай болуы мүмкін емес. "Бұл жағдайда Ұлттық экономика министрлігі жылдың алғашқы бес айында тіркелген динамика бойынша болжам жасап отырғанын байқаймыз. Ал ХВҚ ең алдымен Орталық Азия аймағындағы қалыптасқан жағдайды елімізге теліп, пандемия басталған сәттегі құлдырау модельдерін келтірген. Сондықтан жағдай халықаралық сарапшылар төндіріп отырған қара аспанға қарағанда әлдеқайда жақсы болуы мүмкін" - дейді, Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары.

Экономикамызда бәрі жақсы ма сонда? Әрине жоқ. Сарапшылар бас қосып, "Экономиканың радикалды реформасы" тақырыбында онлайн дөңгелек үстел өткізді. Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов өз сөзінің басында ел экономикасы шын мәнінде ауқымды реформаға мұқтаж екенін, өйткені проблемасы жоқ бірде-бір сала қалмағанын ашық айтты. "Бүкіл экономика екі аяғынан ақсап жатыр" дейді Олжас. Реформалар барынша батыл болуы керек. Экономисттің айтуынша, қазіргі уақытта шешімін табуы тиіс үш бағыт бар. Бір қызығы, барлығы саясатқа келіп тіреледі. Олар жемқорлыққа қарсы күрес, сот реформасы және бюрократияны жою. Тек осы үш мәселе шешілсе ғана, экономикаға қарай жол ашылмақ. Демек, біз бұған дейін жұмыс істеп келген "алдымен экономика, одан кейін саясат" қағидасының шын мәнінде үлкен қателік екенін мойындау керек.

Тегтер: