13 Шілде 18:13

Дала мен қала. Ауыл тұрғындарының табысы НЕГЕ төмен?

Фото:
Қала тұрғындарының ақшалай кірісі ауыл тұрғындарынан 40% жоғары деп

жазады, Finprom. Бірақ сарапшылар, халықтың ақшалай табысының жалпы ел бойынша төмендегенін тіркеп отыр. Демек, жылдан жылға кедейленіп барамыз.

Былтырғы соңғы тоқсанмен салыстырғанда халықтың ақшалай кірісі 0,4 пайызға төмендеді. Бірінші тоқсанда елдегі жан басына шаққандағы ақшалай табыстың орташа мөлшері 177,4 мың теңге болған. Табыстың өткен жылмен салыстырғандағы өсуі ресми инфляция деңгейінен сәл ғана асып тұр. Мысалы, бір жыл ішінде орташа кіріс 7,4%-ға өскен. Ал инфляция 6% болды.

Енді бір қызығы, өткен тоқсанмен салыстырғанда табыс 0,4%-ға құласа, бағалар сол уақытта 2,2% өскен.

«Кедейлену тенденциясын жоққа шығаруға болмайды. Табыстың төмендеп, бағаның өсуі халықтың сатып алу қабілетін нашарлатады. Бұл бағаны өсіріп отырғандардың өздерін түптің түбінде бумеранг сияқты қайта ұратын құбылыс. Жағдайы нашарлаған халық басқа тауарды сатып алуын доғарады да, тек қарапайым азық-түлік түрлеріне көшеді» – дейді, Экономикалық бастамаларды қолдау қорының (ЭБҚҚ) сарапшылары.

Қала тұрғындарының табысы ауыл тұрғындарына қарағанда 40,4 пайызға артық болып шыққан.  Мәселен, биылғы жылдың бірінші тоқсанында қала тұрғындарының орташа табысы 201,3 мың теңге болса, тиісінше, ауыл тұрғындарының орташа табысы – 143,3 мың теңге.

 

«Табыстың номиналды сомасы адам өмірінің сапасына қатты әсер етпейді» – деп жалғастырады ЭБҚҚ сарапшылары.

«Айына 2 мың долларға Токияда тақыр кедей болып, тек қана тез пісетін кеспе жеп күн көрер едіңіз. Ал ол ақшаға Қазақстанда ет, қымыз, жеміс пен көкөніс жеп, сапалы өмір сүруге болады. Сондықтан, мұндай кезде Дүниежүзілік банк сынды халықаралық ұйымдар "Сатып алу қабілеті паритеті" параметрін қолданады».

Ол параметр бойынша қалада 201 мың теңге табатын азаматтың тұрмысы ауылда 143 теңгеге өмір сүретін отандасына қарағанда анағұрлым мүшкіл болуы мүмкін. Себебі, орта және ондағы бағалар, күнкөріс стандарттары үлкен рөл ойнайды. Ауылда азаматтар көбіне өз үйінде тұрады және ауылда пәтер жалдау өте сирек кездесетін құбылыс. Тиісінше, ірі қалалардағы тұрғындардың жартысына жуығы пәтер жалдайтындықтан, баспана табыстың қомақты бөлігін сыпырып алады. Қортынды – қалалықтар ауылдағыларға қарағанда жақсы тұруы үшін, олар кем дегенде екі есе артық табыс тауып отыруы тиіс. Ал Қазақстан ондай табыс алшақтығына әлі жете қоймады.

Тегтер: