29 Желтоқсан 13:33

Cақтандыру компаниясы ұшақ апатынан көз жұмғандардың отбасына өтемақы төлейді

Фото:

«Бек Эйр» ұшағының апатынан зардап шеккен жолаушылар сақтандыру компаниясынан ем-домы үшін 505 мың теңгеге дейін өтемақы ала алады.

Алматы, NEGE. «Amanat» сақтандыру компаниясы «Бек Эйр» әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауынан қаза тапқан жолаушылардың отбасына 12 млн теңгеден астам өтемақы төлейді. Бұл туралы компанияның жетекшісі Ерғали Бегімбетов Facebook-тегі парақшасында хабарлады. Әуе компаниясының иесі осы сақтандыру компаниясымен қамсыздандыру келісімшартын жасасқан екен.    

Сақтандыру төлемдерінің мөлшері қазіргі кездегі АЕК мөлшерінде(2 525 теңге) көрсетілген. 2020 жылы АЕК мөлшері 2 651 теңгеге өседі, демек өтемақы көлемі де ұлғаймақ. 

Сақтандыру компаниясы қандай оқыс жағдай үшін өтемақы төлейді?

  • Жолаушының көз жұмуына байланысты 5 000 АЕК мөлшерінде(12 млн 625 мың теңге) өтемақы қарастырылған;

  • Жарымжан болған, жарақат алған немесе денсаулығына зиян келген жолаушылар емдеуге кеткен нақты шығындар мөлшерінде 200 АЕК (505 000 теңге) мөлшеріне дейін өтемақы алады;

  • Ұшақ апатының салдарынан мүгедек болып қалса, мүгедектік тобына қарай  2 500 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке (6 млн 312 мың - 12 млн 625 мың теңге) өтемақы төлейді.

Сонымен бірге жерлеу рәсімдері үшін 100 АЕК мөлшерінде, әрбір зардап шегушінің бүлінген мүлкіне 250 АЕК-ке дейін өтемақы төленеді.

Заң бойынша сақтандыру өтемақысы «Бек Эйр» компаниясынан және зардап шеккендерден қажетті құжаттар сақтандыру компаниясына түскен күннен бастап 7 жұмыс күнінің ішінде берілуі тиіс.

Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтқан «Amanat» сақтандыру компаниясының басшысы Ерғали Бейімбетов өтемақыға байланысты қиындық туған жағдайда өзінің жеке нөміріне - +77772120074 хабарласуды сұрайды.

Тегтер: