10 Ақпан 16:12

Әсіреұлтшылдықтың экономикаға әсері қандай?

Фото:

Экономист ғалымдар ұлтаралық қақтығыстар болған уақыттағы сол елдің экономикалық жағдайын 1980 жылдан бері зерттеп келеді. Оның ішінен британ профессоры Пол Кольердің, Разумков орталығы сарапшыларының талдау нәтижелеріне назар аударуға болады. Нәтижесінде, зерттелген барлық жағдайларда ұлтаралық араздық мемлекет экономикасын кері тартқаны анықталған.

Ұлттар мен этностар арасындағы алауыздық ең алдымен ішкі жалпыұлттық өнімге жағымсыз әсер етеді. Профессор Кольердің есебінше, егер мемлекет ішінде азаматтық соғыс өрті тұтанып кететін болса, әр жыл сайын ІЖӨ-нің 2,2 пайызы жоғалады. Егер ұлтаралық қақтығыс орта есеппен жеті жылға созылса, ұрыс біткеннен кейін ел экономикасының төмендеуі 15 пайызға жетпек. 

"Қақтығыс ең алдымен стратегиялық маңызды салаларға ауыз салады", - дейді Da Vinci сараптау тобының жетекшісі Анатолий Баронин. Тараптар қолдарына қару алса, өндіріс қуаттары, инфрақұрылым, көліктер жойылады. Мемлекеттен азаматтар қаша бастағандықтан, жұмыс күші азаяды.

Фото: Nege.kz

Қазақстанда ұлтаралық жанжал тұтанса, біздің экономикамыз қанша пайыз жоғалтуы мүмкін?  

Nege.kz сарапшыларының пікірінше, оның барлығы жанжалдың көлемі, қай аумақта жүзеге асқаны мен қанша уақытқа созылатынына қатысты болады. Мысалы, ірі ұлтаралық қақтығыс мұнай өндірісі шоғырланған батыс аймақтарда болса, онда экономика бірден тұраламақ. Себебі ірі мұнай компаниялары, консорциумдар қауіпсіздік мақсатында өз жұмысын тоқтатып, елден кетуге мәжбүр болады. Онда мұнай өндірілмеген әр күніміз экономика мен Ұлттық қорға 4,5 миллиард теңге шығын әкелмек. 

Мысалы, Қордайдағы жағдайды саралап көрсек. Қазір арнайы комиссия шығын көлемін есептеу үстінде. Қаржы министрі Әлихан Смайылов келтірілген шығынның жақын арада жария етілетінін хабарлады. Біздің есебімізше, жалпы шығын ең аз дегенде 2 миллиард теңге болуы мүмкін. Ол көктемдегі су тасқыны, тағы басқа да төтенше жағдайларға сары майдай сақталып отырған үкімет резервіне салмақ түсіретіні белгілі.

 

Ондай жағдайлардың алдын-алудың қандай жолы бар?

"Ең алдымен, билік бұл жағдайдың ұлтаралық қақтығыс екенін мойындауы тиіс" дейді, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева. Тек сонда ғана, ұлтаралық статусқа сай шешім қабылданатын болады.

"Бір өкініштісі, қазір де, бұған дейін де, билік бұл оқиғалардың барлығын тұрмыстық жанжал деп бағалап келді. Тиісінше, жай көшедегі бұзықтық қатарына жатқызып, ешбір кешенді шара қолданбады. Қақтығыстарды ұлтаралық деп мойындауға әлі де үрейленіп отыр. Бірақ, "ауруды өлім әшкере қылады" дегендей, қоғамның жарасын қазір айтып, оны дер кезінде емдеген әлдеқайда дұрыс".  

Толғанай Үмбеталиева. Фото: azattyq.org 

Қазір Қордайда орын алған оқиғаның зардаптарын жою бойынша жұмыстар басталды. Қаракемер, Масаншы, Сортөбе, Қарасу, Ауқатты ауылдарының барлық кіріс-шығыстарына блогпостар қойылып, көшелердегі қоғамдық тәртіп гвардия сарбаздары күшімен сақталуда.

Тегтер: