19 Ақпан 11:49

Алматылықтар газға қосылу үшін пайызсыз несие ала алады

Фото:

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполис тұрғындарымен өткен есептік кездесуде газдандыру жұмыстары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлады.

Алматы, NEGE. Қала әкімі бірқатар аудандардағы тұрғындардың үйлерін газбен қамту туралы сұрақтарына жауап берді. Әсіресе, ол Түрксіб ауданында өткен кездесуде тұрғындардың газ құбырының жоқтығына шағымданғанынан хабардар екенін жеткізді. «Алатау ауданы бойынша магистральді желілер жоқ. Ал магистральді желілерді жүргізу аяқталса, бұру желілерінің жоқтығын айтып, әзірге газға қосылу мүмкіндігі жоқ» деді. 

Қала әкімінің айтуынша, 2019 жылдың екінші жартыжылдығында 3 мыңнан астам жеке үй газдандырылды.

«Қала аудандарында халықтың әлеуметтік осал топтарын газ желілеріне қосу – қала үшін ерекше мәселе. Алатау және Наурызбай аудандарындағы 210 үйдің 62 үйін газ жүйесіне қосу жұмысы қалды. Екі ауданда да мердігер компаниялармен келісім-шарт жасалды. Жұмыстарды 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін аяқтау жоспарланған», – деді қала әкімі.

Сонымен қатар, қала әкімдігі Халық Банкімен бірлесіп, мегаполис тұрғындарының газбен жылыту және үйішілік жабдықтарға қосылу үшін 0%-бен несие беру мүмкіндігі туралы келісімге қол жеткізген. Қазіргі уақытта несие беру мерзімі қарастырылып жатыр. 

Сондай-ақ, Халық банкінің аз қамтылған азаматтарды газға және газбен жылыту үшін үйішілік жабдықтарға өтеусіз негізде субсидиялауы мәселесі қарастырылды.
Яғни, қала әкімі Сағынтаев процентсіз несие адамдарға газға қосылуға қаражат алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Өсімпұлсыз несиені 1жылға рәсімдеуге болады. 
Жалпы, қала бойынша жеке сектордағы 2912 үй газдандырылмаған күйінде қалып отыр. Оның ішінде 1791 үй желіге қол жеткізе алса, 1121 үйдің қосылу мүмкіндігі жоқ. Жеткізушілермен бірге қалған 1121 үйге сыртқы желілерді жүргізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Наурызбай ауданы тұрғындарының сұрағына жауап бере отырып, қала әкімі Б. Сағынтаев нақты тапсырмалар берді. Ол Наурызбай ауданының әкіміне аудандағы ықшамаудандарды, әсіресе, бұл шешілмеген түйткілі көп «Шұғыла» ықшамауданын аралап шығуды тапсырды.

Тегтер: