15 Қаңтар 16:00

АҚШ пен Қытайдың экономикалық соғысы: Кім жеңеді?

Фото:

Екі держава арасындағы сауда соғысы уақытша бітіммен аяқталды. АҚШ пен Қытай өзара шарт тармақтарына ақыры келісті. АҚШ-тың қаржы министрі Стивен Мнучин бұл келісімді «Американың ұлы жеңісі» деп атап үлгерді.

Сауда соғысының қалай біткені туралы Reuters агенттігі жазды. Қытай ақыры АҚШ талаптарына келісіп, алдағы екі жылда 200 миллиард доллар болатын америкалық тауарлар мен қызметін сатып алуға уәде берген. Тарихи келісім-шартқа бүгін кешке Вашингтонда қол қойылуы тиіс.

Фото: AP Photo/Andy Wong

Мұнымен Қытай мәселесі шешілмейді. Қытай оған қоса Америка Құрама Штаттарынан 50 миллиард долларға энергия сатып алуы тиіс және АҚШ компанияларының қызметі үшін 35 миллиард доллар төлеуі керек. Ал АҚШ, керісінше, қытай тауарларына салған баж салығын төмендетуден құтылып отыр.

«Баж салығы бойынша ешқандай келісім жоқ. Президент Трамп тарифтерді төмендетудің бірден-бір жолы -  келісімнің екінші кезеңіне келу деген. Сондықтан біз екінші кезеңді күтуіміз керек», - деді АҚШ қаржы министрі Стивен Мнучин Fox Business Network-қа берген сұхбатында.

Қазіргі шарттар АҚШ пен Қытай арасындағы өзара келісімнің бірінші кезеңі деп саналады. Осы қол қойылатын тармақтардың барлығы бұлжытпай орындалса ғана, тараптар екінші кезеңге аяқ басуға дайын екенін білдіріп отыр. Екінші кезеңде АҚШ Қытай тауарларына баж салығын төмендетуі тиіс. Демек, Қытай қазір артқа шегінсе де, келесі келісімнен кейін өз жағдайын түзеп алуға мүмкіндігі бар. Қытайдың да күткені сол. Сондықтан АҚШ шенеуіктері жеңіс туралы тым асығыс айтып қойған сияқты. Оларға қарағанда, Қытайдың ресми өкілдері өзін барыншы сабырлы ұстап отыр.

Тегтер: