31 Мамыр 17:39
...

ЕАЭО трансшекаралық электрондық саудаға жаңа ереже енгізеді: не өзгереді?

ЕАЭО
Фото: Ғаламтордан

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) трансшекаралық электрондық сауданы кешенді реттеуге бағытталған жаңа ережелерді қабылдады.

АЛМАТЫ, NEGE. Жаңашылдықтар барлық мүше мемлекеттерде ратификациялау рәсімдері аяқталғаннан кейін күшіне енеді.

2023 жылғы желтоқсанда ЕАЭО елдерінің басшылары Кеден кодексіне өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойған болатын. Бұл өзгерістер жеке тұлғалардың шетелдік интернет-алаңдардан тауар сатып алу тәртібін біріздендіруге және жеңілдетуге бағытталған.

Сатып алушылар үшін қандай өзгерістер болады?

Тауарлардың жаңа санаты
Шетелдік онлайн платформалардан сатып алынған тауарлар енді «электрондық сауда тауарлары» деп аталатын жеке санатқа бөлінеді.

Электрондық сауда операторы
Жеке тұлғалар атынан кедендік рәсімдеуді жүргізетін, арнайы тізілімге енгізілген заңды тұлғалар пайда болады. Бұл — электрондық сауда операторының жаңа институты.

Кедендік декларацияның жаңа түрі
Электрондық сауда тауарларына арналған арнайы, жеңілдетілген декларация енгізіледі.

Бірыңғай кедендік баж
Электрондық сауда арқылы әкелінетін тауарларға құнының 5%-ы мөлшерінде бірыңғай кедендік баж салынады. Алайда бұл талап құны 200 еуродан аспайтын тауарларға қолданылмайды — олар бұрынғыдай бажсыз кіргізіледі.

Жеткізудің екі әдісі: Тікелей жеткізу – тауар шетелдік сатушыдан тікелей сатып алушыға жеткізіледі; Оператор қоймасы арқылы (бонд қоймасы) – тауар алдымен сатып алушы еліндегі оператордың қоймасына түседі, содан кейін сатып алушыға жолданады. Бұл тәсіл жеткізуді жеделдетуге мүмкіндік береді.

Бұл реформаның мақсаты — трансшекаралық интернет-сауданы заңды әрі тиімді ету, тұтынушылар құқығын қорғау және кедендік рәсімдерді жеңілдету.

Барлық өзгерістер ЕАЭО-ға мүше елдер (оның ішінде Қазақстан) ішкі ратификациялау рәсімдерін аяқтаған соң және Еуразиялық экономикалық комиссия тиісті құқықтық актілерді қабылдағаннан кейін заңды күшіне енеді.