Дженнифер Лопестің концертіне қайталанып сатылған билеттердің құны өтеледі

Ticketon.kz сервисінің негізін қалаушы Алексей Ли техникалық ақау салдарынан әлемдік әнші Дженнифер Лопестің концертіне қайталанып сатылып кеткен билеттер үшін өтемақы төлеуге уәде етті.
Алматы, NEGE. Ticketon.kz сайтында билет сату кезінде болған техникалық ақаудың себебін сервис негізін қалаушы Алексей Ли Threads парақшасында түсіндірді. Ол пайдаланушылардан кешірім сұрап, туындаған қолайсыздықтар үшін өтемақы беруге уәде етті.
Алексей Лидің айтуынша, сервердің қуаттылығын үш есе арттыруға қарамастан, сайт жүктемеге шыдас бермеген, ақырында билеттерді сату тоқтатылды.
– Біз алдын ала @ticketonkz инфрақұрылымын күшейтіп, серверлерді үш есе арттырдық. Бұл ретте алдыңғы ең жоғары сұраныс деңгейіне сүйендік (бұған дейінгі рекорд – Корждың концертіне шамамен 13 500 билет 1,5 сағат ішінде сатылып кеткен болатын). Алайда қызығушылықтың шынайы ауқымын есептей алмадық. Сайт істен шыққан кезде, техникалық топ Cloudflare компаниясының жүктеме инфрақұрылымына арналған электронды кезек жүйесін шұғыл енгізді. Бірақ асығыс жағдайда кейбір маңызды жайттар ескерусіз қалып, нәтижесінде көптеген тапсырыс брондалып, билеттердің қайталануы қаупі туындады. Біз бұл қауіпті байқаған соң, сатуды тоқтатып, түні бойы қолмен дубликаттарды анықтап, алыпсатарларды анықтап, әр клиентке жеке шешім іздеумен айналыстық, – деп жазды ол Threads парақшасында.
Түнге қарай компания дұрыс рәсімделген сатып алулар бойынша ваучерлерді жіберуді бастады. Қазір сервердің техникалық қызметі тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.
– Қолында ваучері бар клиенттер уайымдамаса болады. Бүгін біз барлық тексерісті аяқтап, қалған клиенттерге ваучерлерді жіберуді бастаймыз, – деді Алексей Ли.
Компания жағдайды әділетті түрде шешу үшін мынадай қадамдар жасап жатыр:
Біріншіден, барлық сатып алушыға билет санатына қарамастан, Ticketon комиссиясын толық қайтарады;
Екіншіден, тапсырысы басқа көрермендердің тапсырысымен қайталануы мүмкін болған клиенттермен жеке жұмыс жүргізіліп жатыр. Екі сценарий бойынша әрекет етіп жатыр.
Көпшілігіне апгрейд жасайды: билеттердің санатын жоғары деңгейге ауыстырады. Аз бөлігіне, егер билет санаты төмендетілсе, билет құнын толық қайтарады және олар концертке тегін бара алады (жүздеген адам).
Сонымен қатар Алексей Ли былтыр Ticketon сервисінің жаңа нұсқасын жасап бастағандарын айтып өтті. Бастапқыда оны күзде іске қосуды жоспарлаған, алайда соңғы жағдайға байланысты жаңа жүйені жақында іске қосу жоспарланып отыр.
– Мен баршадан кешірім сұраймын. Мұндай тәжірибені кітаптан оқып үйрену мүмкін емес, мұндай жағдай Қазақстандағы бірде-бір билет сату сервисінің басынан өтпеген. Біз бұл қателіктен сабақ алып, мықты бола түсеміз. Қазақстанда әлемдік деңгейдегі отандық сервис болады. Баршаңызға шыдамдылық пен қолдау үшін рақмет, – деп жазды Алексей Ли.