Дженнифер Лопестің концерті кезінде Алматы мен Астанадағы қонақүй бағалары 3–5 есеге дейін қымбаттауы мүмкін

Әлемге танымал америкалық әнші әрі актриса Дженнифер Лопес өзінің әлемдік туры аясында Қазақстанда екі концерт өткізеді. Бұл концерттердің айырмашылығы туралы «Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы, NEGE. Оның айтуынша, Дженнифер Лопестің концертін өткізу құқығы үшін Ресей, БАӘ және Еуропаның продюсерлері де таласқан. Алайда таңдау осыған дейін әлемдік жұлдыздардың концертін сәтті ұйымдастырған қазақстандық компанияға түсті.
– Инфрақұрылым жағынан ешқандай қиындық туындамайды деп ойлаймыз. Қауіпсіздік мәселесіне қатысты арнайы жиын өтті, өйткені мұндай ауқымды шараларға көп адам жиналады. Біз Алматы мен Астана әкімдіктерімен бірлесіп барлық қауіпсіздік шарасын жан-жақты пысықтадық. Қонақтар мен әртістердің қауіпсіздігі бірінші орында болады, – деді продюсер.
Алматыда концерт өтетін күндері Байтұрсынов, Сәтпаев көшелері мен Абай даңғылы бойында уақытша көлік қозғалысын шектеу жоспарланып отыр. Стадионға кіретін есік Сәтпаев көшесі жағынан ашылады, сағат 15:00–ден бастап көрермендер кіре алады. Қонақтарға ертерек келуге кеңес беріледі.
Шара бағдарламасына келсек, ұйымдастырушылар концерттің барлық қалада бірдей форматта өтетінін айтты.
– Дженнифер Лопес жалғыз келмейді – онымен бірге 100-ден астам адамнан тұратын команда келеді. Бұл – әлемдік деңгейдегі шоу: бишілер, продюсерлер, менеджерлер, жарық суретшілері, режиссерлер және техникалық мамандар. Лопестің мансабы биші ретінде басталғанын білесіздер – сондықтан ол хореографияға ерекше мән береді. Бізді барлық қалада бірдей қойылатын керемет би шоулары күтеді. Қазақстан мұндай деңгейдегі перфоманс көрмеген десе де болады. Сахнада 100-ден астам адам, ал басты рөлде – супержұлдыз. Бағдарламада – жиі костюм ауыстыру, әрбір екінші әннен кейін жаңа бейнелер болады, – деп бөлісті Мәлік Хасенов.
Алматыдағы Орталық стадионда концерт алдында тек жеңіл жөндеу жұмыстары жүргізіледі, күрделі құрылыс немесе өзгерістер қарастырылмаған.
Сонымен қатар, Хасенов Дженнифер Лопеске арнайы мәдени бағдарлама ұсынылатынын айтты.
– Әр қалада біз әртіске баруға болатын мәдени орындардың тізімін ұсынамыз. Дженнифер Лопес жергілікті өнерге қызығушылық танытып, ашық қарым-қатынас орнатуға дайын. Ол нақты қай жерлерге баратыны концертке жақын күндері белгілі болады. Бұл оның көңіл-күйіне және физикалық жағдайына байланысты, – деді продюсер.
Сонымен қатар, ұйымдастырушылар Лопес ұлттық тағамдармен танысқысы келетінін жеткізді. Әншіге ұлттық тағам – ет ұсыну жоспарда.
Айта кететін жайт, концерт өтетін күндері Алматы мен Астанадағы қонақ үй бағалары 3–5 есеге дейін қымбаттауы мүмкін. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар дүние.
– Біздің бұл жағдайға көзқарасымыз оң. Туристер келіп демалады, ақша жұмсайды – бұл өз кезегінде қаланың бюджетіне салық түсімдері арқылы пайда әкеледі, – деп түйіндеді сөзін Хасенов.