«Дұшпанмын ба?» Андрей Чеботарев Украина елшілігіне сауал жолдады
Саясаттанушы Андрей Чеботарев Қазақстандағы Украина елшілігіне сауал жолдады. Елші Сергей Павленкодан Украина мемлекетінің саясаттанушыға қоятын кінәрат-талабы бар-жоғын сұраған. Бұған «Миротворец» атты украиналық сайттың Чеботаревты «Украинаның дұшпаны» деп көрсетуі түрткі болып отыр. Украина тарабы кейінірек бір жауабын беруге уәде берген.
«Қандай да бір жауап болса, мен оны міндетті түрде жария етемін. Меніңше, бұл арандатушылық біздің тараптан болды деп сенімді түрде айта аламын. Біреулер менің жеке деректерімді ұрлап, украиналық сайтқа жолдаған. Сондықтан мен ол адамды табу үшін осы жергілікті полицияға арызданып отырмын. Әсіресе, оның артында «Kazpress.kz» тұруы бек мүмкін. Өйткені, олар бірінші болып жариялады. Осы сайт болмаса, бұл жайында ешкім де білмес еді», – дейді тілшімізге түсініктеме берген Андрей Чеботаров.
Енді мәселеге аз-кем тоқтала кетсек, Украинаның «Миротворец» сайты қазақстандық саясаттанушыны «ресейлік үгіт-насихатшы» деп атап, барлық жеке деректерін фото-суретімен бірге жариялап отыр. Бұл дерек көзі өзін «Украинаның ұлттық қауіпсіздігіне, бейбітшілікке, адам қауіпсіздігіне және халықаралық құқыққа қарсы қылмыстардың белгілерін зерттеу орталығы» деп атайды. Украинаға қастық көзқарастағы адамдар туралы ұдайы ақпарат жариялап отырады.
«Миротворецтің» пікірінше, Андрей Чеботарев Украинаға қарсы ресейдің ақпараттық арнайы операциясының белсенді қатысушысы.
«Украина мен оның азаматтарына қарсы Ресей билігінің қылмыстарының сыбайласы. Ресей-украина соғысында Украинаға қарсы гуманитарлық агрессия әрекеттеріне қатысы бар. Украинаға көмек бергізбеу мақсатында жалған ақпарат таратады. Ресей агрессиясын және Украина азаматтарын өлтіруді ашық қолдайды», – деп мінездеме берілген.
Сонымен қатар, Андрей Чеботарев «Ритм Евразии» басылымының штаттан тыс тілшісі, Almaty Management University мемлекеттік саясаттың жоғары мектебінде оқытушы екені айтылған.
«Украина, Қазақстан, Армения және Өзбекстанға қатысты тапсырыспен мақала жазады. «Бараева», «Компромат СНГ», «Взгляд на Восток», «Дежурный по СНГ» атты Украина, Қазақстан және ТМД елдеріне қатысты жалған ақпарат тарататын ресейлік телеграм арналарының желісінің редакторы және әкімшісі», – деп жазады «Миротворец».
Андрей Чеботаревтің өзі бұл деректерді жоққа шығарды. «Бұл ақпарат жалған әрі жала», – деп ақталды саясаттанушының өзі.
«Қазақстан азаматы ретінде Ресей мен Украина арасындағы жанжалға қатысты бейтарап ұстанымдамын. Екі тарапқа да жария баға берген емеспін. «Жанжал бейбіт, дипломатиялық жолмен шешілуі тиіс» деген еліміздің ресми ұстанымын қолдаймын», – дейді Андрей Чеботарев.
Саясаттанушының айтуынша, «Миротворец» атаған ресейлік телеграм каналдарға ешқандай қатысы жоқ. Ал «Ритм Евразии» интернет порталының тілшісі емес, авторы. Онда тек қана Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты туралы мақалалары ғана жарияланып тұрады.
«Миротворец» бұрнағы жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты да тізімге енгізіп, кейін қайтадан алып тастаған болатын.