15 Ақпан 18:41
...

Дүрбелеңнің дүбірі Дубайға дейін жетіпті. Жолжазба

Фото:

Шалқыған өмір, зәулім ғимараттар, жасанды аралдар мен құмды барқандар. Осы көріністер көз алдымызға Дубайдың бүгінгі келбетін келтіреді. Nege.kz тілшісінің Дубай сапарынан жолжазбасын оқыңыз.

Бұл қала жеке ел ретінде қарастыруға болатын әмірліктердің біріне жатады. Дубайды осыншалықты сән салтанатқа кенелтіп, алтынмен аптап, күміспен күптеген «мұнайдың арқасы» екенін жиі айтамыз. Расымен де алғашында Дубайдың дамуына мұнайдың қосқан үлесі көп болды. Дегенмен, Араб әмірліктері мұнайдан келген пайданы ары қарай ұқсатып, туризмді дамытып, кәсіпті дұрыс жолға қоймағанда бүгінгі Дубайды көруіміз мүмкін емес еді.

Дубайға тек байлар ғана жақсы демала алады деген қағида бар. Алайда бұл қисынға келмейді. Аз ақшамен де жақсы демалып қайтуға болады.

Дубайға қашан барған дұрыс?

Дубайға туристер жиі барады. Біз де әлемге алғашқы саяхатымызды Дубайдан бастауды жөн санадық. Жалпы, бұл жерге саяхатты қазан мен сәуір айларының ортасына жоспарлаған дұрыс. Дәл осы аралықта ауа райы демалысқа қолайлы болады. Ал жазда баруды жоспарласаңыз, +40-50°C аптап ыстыққа дайын болыңыз.

Ақпанда ауа райы нағыз бабында болды. Сынап бағанасы +24-27°C көрсетіп тұрды. Аспан шайдай ашық, теңіз жағалауы шомылып жатқан адамдарға толы. Кешкі және түнгі уақыт аса салқын бола қойған жоқ. Дубайдың көшелерін жаяу аралап шықтық. Күн ыстық уақытта көшеде бұлай жайбарақат жүре алмас едік. Жергілікті тұрғындар ми қайнайтын аптап ыстықта қала көшелері босап қалатынын айтты.

Қонақ үй таңдағанда нені ескерген жөн?

Қонақ үй таңдамас бұрын демалысыңыздың бағытын анықтап алыңыз. Дубайдың бір-біріне ұқсамайтын бірнеше ауданы бар. Егер тек қана теңіз жағалауында күнге қыздырынуды мақсат етсеңіз, Джумейра (Jumeirah) ауданынан іздегеніңіз табылады. Дубай Марина (Dubai Marina) ауданы – ойын-сауықтың орталығы. Бур Дубай (Bur Dubai) ауданында көне араб ғимараттарын кезіктіруге болады.

Турагенттік арқылы арзан жолдама алсаңыз, әуежай маңындағы қонақ үйлердің біріне жайғасасыз. Оның тиімділігі – бағасы арзан, тиімсіз тұсы – қаланың көрікті жерлерінен алыста орналасқан. Қонақ үйге үнемдеген ақшаңыз жолмен-ақ шығып кетеді.

Біз турагенттік арқылы Dubai Marina ауданындағы 4 жұлдызды Marina Byblos қонақ үйіне тұрақтадық. Қонақ үйден аяқ аттам жерде метро бар. Теңіз жағалауы да қол созым жерде. Қаланың ең әдемі, зәулім ғимараттарын да осы ауданнан таптық. 

Қонақ үйдің шатырында ашық аспан астында бассейн бар. Сонымен қатар жаттығу залы, spa-салон да жұмыс істеп тұр. Біздің қонақ үйдегі бөлмемізден Дубайдың керемет көрінісі ашылады. 

Тұрақтайтын орныңызды таңдар кезіңізде қонақ үй туралы жазылған пікірлерді мұқият оқып шығыңыз. Өйткені, пікір иелері қонақ үйдің ішіндегі жағымсыз иіс туралы көп айтады.

(Ескеретін жағдай, қонақ үйге кіргенде немесе шыққанда міндетті түрде туристік салық төлейсіз. Салықтың құны бір адамға шамамен 35 дирхам) 

Дубайда қоғамдық көліктердің бағасы қанша?

Дубайда қоғамдық көлік қатынасы өте жақсы дамыған. Туристер үшін метро, автобус, трамвай және такси қызметі жұмыс істеп тұр. Бірақ, Қазақстанға қарағанда бағасы өте қымбат. Мысалы, метро арқылы бір бағытқа барып-қайту бағасы 19 дирхам (2 230 теңге). Біздің елдегідей бір сома (80 теңге) белгіленбеген, ақысын баратын жеріңіздің қашықтығына байланысты есептейді.

Метро екі жолақтан (қызыл, жасыл) тұрады. Қызыл жолақ теңіз жағалауының шетіне дейін 52 шақырымға созылған. Ол жерде әуежайға, Дубай Молл немесе Бурдж-Халифа (Burj Khalifa) мұнарасына дейін жете аласыз. Метроның жасыл жолағы ескі қала арқылы өтеді.

Метроның әйелдерге арналған бөлек орындары және VIP орындары тағы бар. Автобус та арзан қоғамдық көлік түріне жатады. Бірақ ол көбіне туристерге ыңғайлы емес. Жалпы Дубайда бір орыннан екінші орынға қатынау – туристер үшін машақаты көп жұмыстың бірі. Сол себепті қонақ үйді ыңғайлы жерден таңдаған жөн.

Қай елде болмасын таксимен жүру ыңғайлы әрі жылдам болып есептеледі. Дубайда такси бағасы өте қымбат. Мәселен, таксиге отырғанда алдымен 5 дирхам (587,1 теңге) төлейсіз, ары қарайғы жол ақысы баратын жеріңізге байланысты шақырымы есептеледі. Оның әр шақырымы 2 дирхам (234,84 теңге). Жүргізушілердің көпшілігі Toyota Camry 70 көлігін айдайды. 

Қоғамдық көліктерден бөлек, Дубайда көлікті жалға алуға болады. Ал оның бағасы ұшып тұр.

Дубайда нені көруге болады?

Дубайдағы алғашқы күніміз қонақ үйге орналасып алғаннан кейін Burj Khalifa мұнарасындағы биші фонтандарды тамашалаудан басталды. Мұнараға жету үшін алдымен Дубай Моллды кесіп өттік. Дубай Молл – ең ірі сауда орталықтарының бірі.

Ақпан айы туристердің Дубайға ағылып жатқан мезгілі болғандықтан адам санында есеп жоқ. Барлығы Burj Khalifa мұнарасындағы атақты биші фонтандарды көруге асығады.

Біз де діттеген жерімізге жеткен соң кең тыныстап мың бұралған фонтандардың биінің куәсі болдық. Фонтандағы шоу әрбір жарты сағат сайын қайталанып тұрады. Әрлі-берлі қозғалып, музыканың ырғағымен тербелген фонтандардың көрінісін ешбір бейне өз көзіңмен көрген әсерді жеткізе алмайды. Жанында тұрып тамашалау бір ғанибет, ерекше сезім. Оны мың рет айтқаннан бір рет көрген артық.

Expo Dubai 2020

Саяхатымыздың екінші күнін биыл Дубайда өтіп жатқан «Expo Dubai 2020» көрмесіне арнадық. Ол – Таяу Шығыс аймағындағы алғашқы дүниежүзілік көрме.

Дубай мен Абу-Даби жолы ортасындағы орналасқан 438 гектарға созылатын алаң Expo Dubai-2020-ның басты аумағына айналған. Америкалық HOK компаниясы құрған басты жоспар Al-Futtaim Carillion арқылы салынатын үш үлкен павильоны бар Al Wasl (араб тілінен аударғанда – байланыс деген мағына) орталық алаңының айналасында жасалған. Соңғы уақытта Дубай жылжымайтын мүлікке үлкен инвестиция жасап қана қоймай, Expo 2020-дан өз жұмысын бастайтын күн энергиясына байланысты әлемдегі үлкен жобасын көрсеткен.

Көрмені аралап жүріп, Қазақстанның павильонын көруге асықтық. Келушілердің айтуынша, Қазақстанның павильоны ең көп қаралатын павильондардың бірі екен. Қазақстанның көрмесіне кіру үшін ұзын-сонар кезекте тұрдық. Кезекте тұрған адамдар үшін қазақтың әні ойнап тұрды. Мың бұралған бишілер шығып билеп, ұлттық аспаптармен халық әндері шырқалды.

Көрменің тақырыбы үш тақырыпшадан тұрады: «Мүмкіндіктер», «Мобильділік» және «Тұрақты даму».

Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны «Мүмкіндіктер» тақырыптық кластерінде, БАӘ, АҚШ, Швейцария, Аустрия, Сауд Арабиясы Корольдігі, ҚХР, Жапония, Үндістан және Беларусь Республикасының ұлттық павильондарына жақын жерде орналасқан.

ҚР Ұлттық павильоны 3 қабаттан тұрады, 2 қабатында 4 көрме аймағы бар. Павильон аумағы – 3 400 ш.м., ол орта санаттағы павильондарға жатады.

Көрменің «Ақыл-ойды біріктіре отырып, болашақты қалыптастыру» тақырыбы аясында ҚР павильонының мазмұны Қазақстанның өткеніне, бүгініне және болашағына саяхат жасалған.

Маған көрмеде ерекше ұнағаны – жусанның иісі болды. Қазақ даласының ерекше белгісі павильонның ішінде жусан иісі аңқиды.

Сафариге саяхат

Араб елінің тарихымен жақын танысу үшін құм даласын көру маңызды. Өйткені арабтар оны өздерінің шығу тарихымен байланыстырады. Сафариге турды ұзақ іздедік. Өйткені, жақын маңдағы тур ұсынушылардың бағасы өте қымбат болды. Ұйымдастырушылар бір адамға 45 доллар ұсынды. Біз инстаграмнан іздеп отырып бір адамға 30 долларлық «Сафари тур» таптық. Ол біздің ақшамен 13 мың теңге.

Бізді тур ұйымдастырушылардың бірі Ахмад қонақ үйден Сафариге алып кетті. Дубайдың тас жолдарының сапасы өте жоғары. Бір тесік жол көрмедік. Құм далаға дейін тегіс жолмен жарты сағатта жетіп бардық.

Сафариге шықпас бұрын қызметкерлер саудагерлердің ауылына түсіріп кетеді. Көліктен түсе салған бетте қолыңнан сүйреп дүкеніне ала жүгіреді. Қолыңа тағатынын тағып, басыңа кигізетінді кигізіп жібереді. «Қандай жақсы!» деп ойлап үлгермейсіз, кигізеді де бірден бағасын айтады. Олардың айтқан бағасына келісе салмаңыз, саудаласу керек. Саудалассаңыз, бағаны 4-5 есеге дейін түсіреді.

Қолыңыздан жетектеген кез келген саудагердің артынан ере бермеңіз. Мәселен қолыңнан сүйреп барып, суретке шырт етікізіп түсіре салады. Керегі жоқ деп айтып үлгермейсіз, әдемі рамкаға салды да қанша тұратынын айтып қолыңызға ұстатады. Олар да маркетингті жақсы меңгеріп алса керек.

Құм далаға түскен кезде Ахмад көліктің дөңгелегінің желін шығарып тастады. Сөйтсек, құмның үстінде желі шыққан көлік жеңіл жүреді екен. Малтақтап батып қалмайды. Ми қайнаған дала, майда құмның үстінде бірнеше джиппен жарыса кеттік. Оның өзі бізге ерекше әсер қалдырды.

Кешке қарай бедуиндердің ауылына келдік. Бұл жерде ән, би, шоу тамашаладық. Тегін тамақтар таратылды.

Бізді Сафари турда алып жүрген Ахмад Пәкістан азаматы екен. Дубайда жұмыс істеп жүргеніне екі жыл болыпты. Соңғы рет Пәкістанға былтыр мамыр айында барған екен. Әйелі, екі қызы бар екенін қуана айтып берді. Күніне 80 дирхам ақша табады. 

Дейра базары

Дейра базары – Дубайдың солтүстік-шығысында орналасқан қаланың ескі бөлігі. Мұнда керектінің барлығын сатып алуға болады. Егер мықты саудаласа білсеңіз, жақсы заттарды арзан бағаға табасыз. Атақты «Алтын базар» осы аймақта орналасқан.

Метродан түскен бойда туристерді түрік пен тәжік азаматтары «талап» алып кетеді. Өзінің саудасын жарнамалап, жаныңнан шықпай қояды. Базарды аралап жүріп, сатылып жатқан затты ұстауға қорқасың. Өйткені сатушысы қолыңнан ұстап алып жібермей, сатып ал деп қолқалайды.

Біздің Қазақстаннан келгенімізді естіген түрік, тәжік саудагерлері Алматыдағы жағдайды сұрады. Елімізге амандық тілеп, базарда көмек қажет болса көмектесуге дайын екенін жеткізді. Олардың бұл ниеттеріне қуанып қалдық.

Дубайда байқағанымыз, жұмыс істеп жүрген араб жоқ. Қызметшілердің көпшілігі Пәкістаннан, Африкадан келген.

Дубай – бірнеше рет саяхаттап келсең де жалықтырмайтын қала. Өйткені, арабтар қарапайым дүниенің өзін туристер үшін думанға айналдырып жіберген. Бір аптаның ішінде жаңа шаһардың бәрін түгел аралап көру мүмкін емес. Зәулім ғимараттарды құм үстіне қалай салғанына қарап, таң қаласың. Адамның қолынан әлемнің осындай кереметі шыққанын көріп таңданасың. Халқы сыпайы, қылмысы аз, көшелері таза қаланың қызығы мұнымен бітпек емес. Өйткені Дубай әлі де салынып жатыр.

Алматы – Дубай – Алматы.

Тегтер: