Дүниежүзінде тағы да эпидемия басталды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қақты.
Алматы, NEGE. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қызылша (корь) дертінен өлгендер саны өткен жылы 40%-ға артқанын айтты. Мамандар бұған адамдардың вакцинадан бас тартуы ықпал етті дейді.
Ал, биыл бірқатар елде эпидемия өршіп кетті. Reuters хабарлауынша, АҚШ-та 2025 жыл басталғалы қызылшамен ауырудың 294 дерегі тіркелді. Сырқаттардың басым көпшілігі – балалар.
Қызылшаның ушығуы америкалық Техас, Нью-Мексико және Оклахома штаттарында тіркелді. Оларда антиваксерлер қозғалысының үстем болуы кесірінен тұрғындардың үлкен бір бөлігі екпе салдыруға қарсы шықты. Мұның соңы індеттің белең алуына соқтырды.
Жергілікті билік коронавирус пандемиясы кезіндегі тәжірибеге оралып, көшелерде тестілеудің қосымша пункттерін ашып жатыр.
Дәл осы кезде, 2025 жылғы ақпанда Америкада соңғы 10 жылда алғаш рет қызылшадан адамның өлуі тіркелді. Техас штатында вакцина салынбаған 15 жасар жасөспірім дерттің құрбанына айналды.
«Қызылша – қоздырғышы ауа-тамшы жолы арқылы берілетін, қызбамен, интоксикациямен, дақты-папулалық бөртпенің кезеңді пайда болуымен, энантемамен, конъюнктиваның және жоғарғы тыныс алу жолдарының зақымдалуымен сипатталатын антропоноздық жіті жоғары контагиоздық респираторлық вирустық инфекция», – деген түсініктеме береді Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі.
Қызылша – төтенше жұқпалы және жоғары инфекциялық ауру. ДДҰ талабынша, қызылша эпидемиясына төтеп беру үшін қоғамда 95 пайыздық иммунитеттің болуы шарт. Бұл тіпті коронавирустан жоғары.Басқаша айтқанда, иммунизациялаудан өтпесе, әрбір 10 адамның шамамен 9-ы қызылша жұқтыруы мүмкін.