8 Қаңтар 15:27
...

Дүниежүзілік қысқы универсиада: Қазақстан құрамасының туын кімдер ұстап шығады?

Абылайхан Сүлейменов
Фото: gov.kz

Қазақстанның ұлттық құрамасы атынан XXXII Дүниежүзілік қысқы универсиаданың (Турин, Италия) ашылу салтанатында мемлекеттік туды алып шығу мәртебесі фристайлшы Аяулым Әмренова мен хоккейші Абылайхан Сүлейменовке жүктелді.

Алматы, NEGE. Аяулым Әмренова – фристайл бойынша ұлттық құраманың үздік спортшыларының бірі. Оның қоржынында 2017 жылғы Еуропа кубогы кезеңдерінің алтын, күміс және қола медальдары бар. Сондай-ақ ол Қазақстан атынан 2018 жылы Пхёнчханда және 2022 жылы Бейжіңде өткен екі Олимпиада ойындарына қатысқан.

Абылайхан Сүлейменов – қазақстандық хоккейдің жарқын жұлдызы, «Номад» командасының ойыншысы. Оның спорттық мансабында жастар лигасы, төрт ұлттық турнир, Қазақстан кубогы, Континенталь кубогы, сондай-ақ, АҚШ-та өткен ХХХІ Дүниежүзілік қысқы универсиада бар. Сол универсиадада Қазақстанның хоккей құрамасы үшінші орынды иеленді.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы қысқы универсиада 13-23 қаңтар аралығында Туринде өтеді және әлемдегі ең ауқымды студенттік спорттық ареналардың бірі болмақ. Сайысқа 57 елден шамамен 2000 спортшы қатысып, 11 спорт түрі бойынша 96 медаль жиынтығын сарапқа салады.