Дубайда қазақстандық шенеуніктердің туыстары тұратын ғимарат өртке оранды ма?
Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевқа Дубайда зымыран түскен үйдегі қазақстандық шенеуніктердің туысы делінген 97 пәтердің иесіне қатысты сұрақ қойылды.
Астана, NEGE. Бұған дейін Иранның АҚШ пен Израильдің шабуылына қарымта соққы беру үшін ұшырған дрондарының бірі Дубайдағы Fairmont The Palm резиденциясына түскені хабарланып, өртке оранған ғимараттың видеосы тарады.
Журналист Манас Қайыртай C4ADS ұйымының 2022 жылғы дерегіне сүйеніп, бұл резиденциядан қазақстандықтар 97 пәтер алғанын, олардың кейбірі бұрын билікте лауазымды қызмет атқарғандардың туысы екенін жазды. Олардың арасында экс-әкім Амандық Баталовтың әйелі Бағда Баталованың, Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Қайрат Мәмидің ұлы Мирас Мәмидің, Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовтің күйеу баласы Өркен Есейдің және басқа бұрынғы шенді-шекпенділердің туыстары аталады.
Бүгін Үкіметте өткен брифингте БАҚ өкілдері сыртқы істер министрінің орынбасарынан осы пәтерлердің иелері жөнінде және зымыран шабуылынан кейін олардан қандай да бір арыз-шағым түскен-түспегенін сұрады.
«Бізде бұл үйлердің кімге тиесілі екені туралы ақпарат жоқ. Дубайда, Таяу Шығыстағы кейбір мемлекеттерде Қазақстан азаматтары тұрады. Бірақ кім қайда тұратыны, кім қандай үйге иелік ететіні туралы ақпарат жоқ.
Ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Бірде бір адам қайтыс болған жоқ. Бұл ақпарат бақылауда», – деп жауап берді Әлібек Бақаев.
Еске салсақ, 28 ақпанда Израиль Иранға соққы жасады.
Шабуылдар АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранмен елдің ядролық бағдарламасына қатысты соңғы келіссөздерге «көңілі толмайтынын» мәлімдеген соң бірнеше сағаттан кейін жасалды.