27 Шілде 15:55
...

ДСМ фармкомпанияларды дәрі-дәрмекті арзандатуға шақырды

Денсаулық сақтау министрлігі
Фото: ғаламтордан

Денсаулық сақтау министрі фармацевтикалық компаниялармен дәрі-дәрмек бағасын төмендету шараларын талқылады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Алматы, NEGE. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қазақстандық фармацевтикалық компаниялардың өкілдерімен және негізгі дистрибьюторлармен 2025 жылға арналған дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алу мәселелері бойынша кеңес өткізді. Ведомство басшысы денсаулық сақтау шығыстары елдің әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі көрсеткіші саналатынын айтты, деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.

Мемлекет барлық азамат үшін медициналық көмек пен дәрі-дәрмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ұмтылады. Сатып алу науқанын бастамас бұрын, өндіруші белгілеген дәрі-дәрмек бағасы қолайлы және қолжетімді екеніне көз жеткізу маңызды. Бұл ретте жергілікті дистрибьюторлардың үстеме бағасы регрессивті үстеме шектерде қалуға тиіс, - деді Әлназарова.

«СҚ-Фармация» ЖШС деректері бойынша, бірыңғай дистрибьютор сатып алуды ұзақ мерзімді шарттар, тікелей келісімшарттар, халықаралық ұйымдар мен тендерлер арқылы жүзеге асырады. Тендер және отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар бойынша сатып алу үлесі 88%-ды құрайды.

Конкурстық рәсімдердің қорытындысына сәйкес, өткен жылы шамамен 21,5 млрд теңге үнемделді, биыл үнемдеу сомасы 50 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Дегенмен, генериялық немесе биоұқсас препараттардың бағасы бастапқы дәрі-дәрмектердің құнынан асатын жағдайлар бар. Министрлік мұндай жағдайларды жою және баға жүйесін жақсарту бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.

Сатып алудағы отандық өнімнің үлесін ұлғайту үшін 10 жылға дейінгі мерзімге ұзақ мерзімді шарттар жасасу бойынша қолдау шарасы көзделген. Дегенмен, барлық өндіруші мен дистрибьюторлар бірдей жеңілдіктер бермейді. Денсаулық сақтау министрі фармацевтикалық компаниялардың өкілдерін әлеуметтік жауапкершілікті көрсетуге және бағаны төмендету мәселесін қайта қарауға шақырды, – делінген ақпаратта.