2 Қараша 17:55
...

ДСМ: Елде медицина қызметкерлері жетіспейді

Медицина қызметкерлері
Фото: ғаламтордан

Қазақстанда дәрігер мамандары тапшы. 

Алматы, NEGE. Қазақстанда 306 анестезиолог-реаниматолог, 210 хирург, 112 офтальмолог, 253 акушер-гинеколог және 87 неонатолог жетіспейді, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.

Ең жоғары дәрігер тапшылығы Астанада байқалады. Елордаға 702 дәрігер қажет болса, Алматыда 497, ал Шымкентте 234 дәрігер жетіспейді.

Ауылдық елді мекендер бойынша медицина мамандарына ең үлкен сұраныс Ақмола облысында байқалды. Онда 116 дәрігер керек болса, Түркістан облысында 135 дәрігер, Батыс Қазақстан облысында – 89 дәрігер жетіспейді.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Абай облысында өткен Сенаттың көшпелі отырысында медициналық ЖОО түлектерінің үштен бірі жұмысқа жіберу бойынша қызметке бармайтынын, олардың жеке медициналық ұйымдарды таңдайтынын айтты.

Жағдайды өзгерту үшін Денсаулық сақтау министрлігі жас мамандарды жұмысқа орналастыруды тікелей министрліктің құзырына қайтаруды ұсынды. Сонымен қатар, министрлік мамандарды жергілікті жерлерде ұстап қалу және ауылдық жерлерде дәрігерлік қызметтің беделін арттыру үшін қосымша ынталандыру шараларының толық пакетін енгізуді жоспарлап отыр.