ДСМ антибиотиктерді рецептісіз сатқандарға миллиондап айыппұл салды
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз сатқандар үшін жыл басынан бері 38 хаттама толтырылған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 8,2 млн теңгеден асқан.
Астана, NEGE. Дәріханаларда негізінен «Азитромицин», «Цефтриаксон», «Цефазолин» және «Ципрофлоксацин» сынды антибиотиктер рецептісіз сатылған.
«Антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз қабылдау бактериялардың дәрілік препараттарға көнбеушілігінің қалыптасуына әкеледі. Соның салдарынан инфекциялық ауруларды емдеу қиындап, антибиотиктердің тиімділігі төмендейді», – деп ескертеді Денсаулық сақтау министрлігі.
Осындай препараттардың айналымын бақылауды күшейту үшін министрлік Цифрлық экономиканы дамыту орталығымен бірлесіп, жоғары тәуекел тобына жататын дәрілік заттарға міндетті электрондық рецепт енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.