5 Ақпан 18:38

«Досаевтың орны – түрме!». Алматыда бейбіт митинг өтті

Фото:

«Қаңтар трагедиясынан» кейін белсенділер Алматыда митингі ұйымдастырды. Қаланың жаңадан тағайындалған әкімі Е.Досаев демократ боп көрінгісі келді ме, әлде рұқсат жоғарыдан берілді ме, әйтеуір әкімдік митингі өткізуге рұқсат берді. Nege.kz тілшісі жиналған жұрттың талап-тілегін тыңдады.

Алматы, NEGE. Жиын бас-аяғы екі сағатқа созылды. Шоқан Уәлихановтың ескерткіші маңындағы алаңға үш жүзге жуық адам жиналды. Қала әкімдігінің рұқсатымен өткен бейбіт митинг кезінде интернет, байланыс құралдары бұғатталған жоқ. Халық талап-тілектерін мінберден жеткізуге мүмкіндік алды. Уақыт жетпей қалғандары алаңға келген БАҚ өкілдеріне сұқбат беріп жатты. 

Сонымен, алматылықтардың басты талабы – жаңадан тағайындалған қала әкімі Ерболат Досаевтың қызметтен шеттетілуі.

Митингті ұйымдастырушылардың бірі Айгерім Тілеужан: «Тағайындалған әкімдер халықтың қасында жүрмейді. Әкімдерді халық сайласын», – десе, белгілі режиссер, «Ел мен жер» қозғалысының мүшесі Еркін Рақышев: «Досаев әкім бола қалыпты. Әкім болу үшін ұлтқа жаны ашитын, ұлтжанды, еңбекқор, шаруашылықты білетін адам болу керек. Ал Досаев не біледі? Атасының басын білмейді!», – деп кіжінді.

«Досаев – ұры. Ондай әкім кімге керек ? Оның орны әкімдік емес – түрме. Досаев өз еркімен қызметтен кетсін. Біз осыны талап етеміз. Егер кетпесе, үстінен қылмыстық іс қозғатып, түрмеге отырғызамыз», – деді Е.Рақышев.

Жиынға қатысқан, айтары бар азаматтардың дені мінберге шықты.

Арасында, өзінің дегенінен қайтпай, мінберді босатпай тұрып алғандарға күш қолданылды. Талап-тілектерін айтпағандар қолдарына плакат ұстап, соны көтеріп тұрды. 

 

Рұқсат етілген митингі болған соң полиция мен арнайы жасақ араласқан жоқ. Олар тек алыстан бақылап қана отырды. Міне, митингі талап еткен жұрт осылайша «бу шығарып» қайтты...

Тегтер: