10 Қазан 12:55
...

Дос КӨШІМ: Әкімді сайлау демократияның кепілі бола алмайды

Фото:
Сайлау жүйесі дұрысталмаса

, аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлауда заңбұзушылық болуы мүмкін екенін саясаттанушы Дос КӨШІМ NEGE-ге берген сұхбатында айтты.

«Әрине президент облыс әкімін, облыс әкімі аудан әкімін, ал аудан әкімі ауыл әкімін тағайындағаннан гөрі халықтық сайлау демократияға бір қадам жақын. Бірақ бұл жерде екі мәселені айту керек, сайланған әкімді халық орнынан алып тастай ала ма?

Бізде оны жоғары тұрған әкім алып тастай алады. Сосын жалғыз әкімді сайлаған дұрыс па, әлде жергілікті өзін-өзі басқаруды толық халықтың сайлауына береміз бе, бұл – екінші мәселе.

Менің ойымша, әкімді сайлап қою демократияның кепілі бола алмайды. Себебі жалғыз адамды жоғарыдан «сындырады», сондықтан бізге әрбір ауыл мен ауданда кеңестерді сайлауымыз керек.

Жалпы жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі ерекшелігі – кеңестердің сайлануы. Менің естуімше, келесі жылы кеңестерді сайлау басталатын сияқты. Бірақ оның да қалай өтетінін әлі түсіне қойған жоқпын.

Д.Көшім. Фото: ғаламтордан.

Үшіншіден, Қазақстандағы сайлау жүйесіне сенбеймін. Бұған дейінгі сайлаулардың қалай өткенін отыз жыл көріп келдік. Алты жыл бойы сол сайлауды бақылаушылардың басшысы болдым. Сондықтан біздегі сайлау жүйесі, сайлауды өткізетін адамдар мен сайлау заңы ешқандай сын көтермейді. Оны бәріміз айта-айта жалықтық. Сондықтан, президенттік сайлау қалай өтеді, жергілікті әкімдерді сайлау да солай өтері айдан анық. Сайлау жүйесі дұрысталмаса, жаңарып, өзгермесе нәтижесі бұрынғы әкімшілдік-әміршілдік жүйені ұстап қалатын жағдайға қайтып келеміз. Басқа ешқандай ерекшелігі болмайды», – дейді саясаттанушы.

Биыл 5  қарашада 45 аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау өтеді. Ал 2025 жылдан бастап сайлау жаппай барлық облыстар мен аудандарда өтетін болады. Сайлау әр жерде әр түрлі өтеді деп болжаған саясаттанушы Дос Көшім «егер сайлау жүйесі өзгермесе, сайлау тартысты өткен күннің өзінде нәтижесіз болады» деп есептейді. Оның пікірінше, мұндай жағдайда сайлау тек қана күрестің түрін көрсететін шара болып қалады.

«Біз қазір халықтың сайлауға деген көзқарасын жақсы білеміз. Қазақстанда халық сайлауды «демократияның мерекесі» деп қабылдамайды. Сайлау белгілі бір әдіс-тәсілдермен билік өзіне қажетті, көздеген мақсатына жететін жүйесі болып қалыптасты және сол күйінше қалып отыр», – дейді Дос Көшім.

Еске салсақ, өткен жылы ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп, мыңнан артық әкім жергілікті тікелей сайлау жүйесі арқылы қызметке келген. Әкімдер сайланған ауылдардан қандай да бір өзгеріс байқала ма?

«Ол үшін арнайы мониторинг жүргізілуі керек. Әйтпесе бір жерден естіген әңгімемен қорытынды нәтиже шығаруға болмайды. Мен ондай мониторинг жасаған жоқпын. Бірақ, байқауымша, баяғы жартас – сол жартас сияқты.  Иә, кейбір жерлерде халық өзі жақтаған адамдарын ауыл әкімі етіп сайлаған жағдайлар бар. Бұл да демократияның көрінісі. Мүмкін біз де ауыл мен аудан әкімдерін сайлаудан өтуіміз керек болған шығар. Одан кейін жергілікті басқару жүйесіне өтетін шығармыз. Бірақ қайталап айтамын, жергілікті басқару жүйесі келмесе ешқандай ауыл әкімін сайлау жергілікті әділ басшылыққа алып келмейді.

Неге билік жергілікті басқару жүйесін бермей отырғанын әруақытта айтып жүрмін. Онда олар сайлау урнасынан айрылады. Қазақстанда өзін-өзі басқару жүйесі орнаған уақытта вертикалдық, яғни бір біріне бағыныштылық тоқтайды да, горизонталдыққа өтеді. Билік бұдан қатты қорқады. Онда президенттік сайлау болсын, парламенттік сайлау болсын, кез келген сайлау кезінде өз адамдарын өткізе алмайды», – дейді саясаттанушы.

Дос Көшім билік өзін-өзі басқару жүйесін орнатуға мүдделі емес екенін айтады.

«1995 жылы Конституцияның 89-бабында «жергілікті өзін-өзі басқару Қазақстанда танылады» делінген. Сол бапты 2007 жылы өзгертті. Оны жергілікті өзін-өзі басқарумен айналысып жүрген азаматтардан басқа ешкім байқамай да қалған шығар. Сол жерде 1995 жылы бізге берілген мүмкіндікті билік өзі билігін ұстап тұру үшін өзгертті.

Менің ойымша, сол бапты да қайта алып келу керек. Қысқасы, заңдық өзгерістер керек», – дейді Дос Көшім.

Балжан ЖЕҢІСҚЫЗЫ, Астана.

Тегтер: