Допинг дауы: Жәнібек Әлімханұлына қосымша сараптама тағайындалды
Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рақымжан Ерденбеков Жәнібек Әлімханұлының допинг сынамасына қатысты Тәртіптік комиссияның бірінші отырысының шешімін хабарлады.
Астана, NEGE. Ол допинг дауына қатысты бірінші тыңдауда қосымша сараптама жүргізу қажеттігі туғанын атап өтті.
«Қазақстанның кәсіби бокс федерациясының Тәртіптік комиссиясы алғашқы тыңдауды өткізді. Оның мақсаты асығыс шешім шығару емес, ұсынылған материалдар мен рәсімдерге бастапқы баға беру болды.
Осы кезеңнің өзінде-ақ бұл істі формалды түрде қарастыру мүмкін еместігі және қосымша медициналық, сараптамалық әрі құқықтық жағынан баға беруді талап ететіні анықталды», – деп жазды федерация президенті әлеуметтік желідегі парақшасында.
Осыған орай, 23 қаңтарда Тәртіптік комиссия кезекті тыңдауын өткізу туралы шешім қабылданған. Ерденбековтің айтуынша, бұл – допингке қатысты күрделі істерде қолданылатын халықаралық стандартты тәжірибе.
«Атап айтайын: допинг-сынаманың оң нәтиже көрсетуі спортшының қасақана әрекетін немесе елеулі кінәсін дәлелдемейді. Комиссия бұл істі халықаралық спорт құқығында танылған No Significant Fault or Negligence қағидатын ескере отырып қарастырып жатыр», – деп түсіндірді ол.
Барлық рәсім аяқталғанға дейін комиссия түпкілікті қорытынды жасамайды. Барлық шешім, Ерденбековтің жазуынша, тек нақты фактілер негізінде, әділдік қағидаттары мен халықаралық стандарттарды қатаң сақтай отырып қабылданады.
Айта кетейік, кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы допинг қолданды деген күдікке ілінді. 7 желтоқсан күнгі жекпе-жек алдында ол допинг тестінен өте алмады.