24 Желтоқсан 08:42
...

Доңыз жылындағы дақпыртты 10 сот процесі

Фото:

Биылғы жылы елді дүрліктірген сот процестері аз болған жоқ. Nege.kz порталы солардың ішіндегі ең дақпыртты деген 10 істі іріктеп алды. 

1. Денис Теннің өлімі

2019 жыл танымал спортшы Денис Тенді өлтіргендердің сотымен басталды. Сот орындығына Нұралы Қиясов, Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева  отырды. Спортшының анасы Оксана Тен «ұлымды тапсырыспен өлтірді» деп мәлімдеді. Бірақ, сот бұл жорамалды есепке алмады. Денис Теннің қымбат көлігінің айнасын ұрламақ болып, ақырында адам өлтірді деген айыппен Құдайбергенов пен Қиясовты 18 жылға соттады. Жанар Толыбаева осы қылмысқа қатысы болғаны және қылмыс туралы тиісті орындарға хабарламағаны үшін төрт жыл жаза арқалады. Сот оның қарауында кәмелетке толмаған баласы барын, өзінің аяғы ауыр екенін ескергенімен, жазаны жеңілдетуді қажет деп таппады. 

2. Сарыағаштағы азғындық

Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында жеті жастағы бала зорланды. Азғындарға қатысты сот ел назарын аударды. Шымкентте жабық есік жағдайында басталған процесс 4 айға созылды. Азғындыққа барғандар есебінде күдікке ілінген төртеудің тек біреуі – 16 жастағы жасөспірім сотталды. Қалған үшеуі 14 жасқа толмағандықтан, сот жазасынан құтылды. Олардың бірі – сотталушының кіші бауыры.

Алқа билердің шешімімен жалғыз сотталушыға 7 жыл жаза мерзімі кесілді. Сот барысында баланы бір рет иесіз сарайда, тағы бір мәрте мектеп дәретханасында зорлағандары дәлелденді. Жасөспірім кінәсін мойындаудан бас тартты.

3. Жолаушыны қорлаған жолсеріктер

Зорлыққа қатысты тағы бір атышулы іс – «Тальго» пойызының жолсеріктері Үмбетәлиев пен Құрманиязовқа қатысты. Пойыз купесінде жалғыз келе жатқан әйел өзін осы екі жолсеріктің зорлағанын айтып шағымданған еді. Алғашқы сотта прокурор алты жыл сұрағанымен, судья сотталушыларды екі жарым жылға бас бостандығынан айырды. Қоғамдағы қарсылықтан кейін Қостанай облысының көліктегі прокуратурасы шешімге наразылық білдірді. Зорлық құрбаны да аппеляциялық шағым түсірді. Бірінші сатыдағы сот үкімінің күші жойылды. Бірақ әйел зорлағандарға жаңа жаза тағайындалмады, оның орнына істі қайта қарауға жолдады.

4. Әлекке түскен әнші

Көптен көрінбей кеткен әнші Гауһар Әлімбекова биыл қайтадан ел аузына ілікті. Өкінішке қарай, бұл жолы өнерімен емес, «ұйымдасқан топ құрамында аса ірі көлемде алаяқтық жасады» деген айыппен аты шықты. Оны сотқа берген бұрынғы құрбысы Бақыт Назарова «Ақкент» тұрғын үй кешенінен пәтер алып берем деген уәдесіне сеніп, Әлімбековаға 40 мың АҚШ долларын санап бергенін мәлімдеді. Ақшаны әнші өзінің құрбысы Феруза Ордабаеваға берген. Алайда, Назарова сол күйі пәтерін алмаған. Қаңтар айының соңында Гауһар Әлімбекова 6 жылға сотталды. Әншіні қорғауға шоу-бизнес өкілдері жұмыла көтерілді. Гауһардың өзі кешірім беруін және босатуын сұрап Қазақстан президентінің атына хат жазды. Екі жарым ай өткен соң аппеляциялық сот Әлімбекованы ақтап шығарды.

5. Түрмеде кітап жазған вице-министр

Шілде айында қызмет бабын асыра пайдаланды және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деген айыппен білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева сотталды. Ол өзінің құрбысы, мектеп директоры Елена Шеверняевамен бірге мемлекеттік мектептің қабырғасында жекеменшік мектеп ашқан. Кейбір дерек бойынша, осындай жолмен сыбайластар жылына 150 млн теңгеге дейін пайда көрген.

«Үй ішінен үй тіккен» вице-министрдің сыбайласы Елена Шеверняева сот шешімімен 1 млн теңге айыппұл төлеп құтылды. Вице-министр де қазынаға 6 млн теңгеге жуық ақша аударған соң, сот залынан босап шықты. Сот бұрынғы вице-министрді мемлекеттік қызметте істеуден өмір бақи шеттетті. Э.Суханбердиева абақтыда отырған 34 күннің  ішінде «Түрме. Вице-министрдің көзімен» деген атпен кітап жазып шықты.

6. Сирияда адасқандар

2019 жылдың қазанында Нұр-Сұлтан қаласында «Жусан» операциясымен Сириядан қайтарылған 14 қазақстандықтың ашық соты басталды. Оларға «террормен айналысты», «лаңкестікке үгіттеді және тартты», «адам баласына қарсы ауыр қылмыстар жасады» деген секілді айыптар тағылды. Сотталушылардың ең үлкенінің жасы 50-де, ал ең жасы 22-де. Сирияға барған шағында ол небәрі 17 жастағы бозбала екен. Сот Сирияда лаңкестік ұйым қатарында болғандарды 8 жылдан 14 жылға соттады.

7. Ұлтаралық қақтығысқа ұласа жаздаған қылмыс

2019 жылдың 4 қарашасында жыл басында болған атышулы қылмыстық іске нүкте қойылды. 2019 жылдың 1 қаңтарында Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасының жанындағы жаппай төбелестен 23 жастағы Рақымжан Жансейіт көз жұмды. Тағы үш адам түрлі пышақ жарақатымен ауруханаға түсті. Жаңа жыл түніндегі жанжал мейрамханадағы екі адамның арасындағы текетірестен басталған. Кейін оған мейрамхананың өзге қонақтары мен қызметкерлері араласады. Адам өлтірді деген күдікке ілінгендердің бірі Армения азаматы болып шықты. Қазақстаннан қашып кеткен күдікті Ресей аумағында ұсталды. Осы іспен 13 адамға айып тағылды. Басты күдікті ретінде 23 жастағы Юсиф Нурулу танылды, ол 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Төбелеске қатысқан тағы үш адам үш жылға сотталды. Алты адамның бостандығы 4 жарым жылға шектелді. Сотталған 13 адамның үшеуі Арменияның, ал біреуі Өзбекстанның азаматы. Олар жазасын өтеп болған соң, Қазақстан аумағынан күштеп шығарылады және Қазақстанға келуге 5 жылға тыйым салынады.

8. Білім саласындағы былықтар

Мамыр айының аяғында Ұлттық тестілеу орталығының бас директоры Рамазан Әлімқұлов ұсталды. Оның соты қарашада басталды. Пара алды деген күдікке ілінген мемлекеттік қызметші 3 жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Осылайша, білім саласындағы тағы бір сот дауына нүкте қойылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлық қылмыс жасады деп айыптаған БҒМ «Ғылым қоры» АҚ-ның бұрынғы басқарма төрағасы А.Сұлтанғазинге қатысты үкім шықты. Ол Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры А.Едіресовтен «білім және ғылым министрінің жеке қабылдауына кіргізбек болып 5 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды» деп айыпталды. 18 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының №2 соты оны кінәлі деп тауып, жаза ретінде 57 млн теңге айыппұл салды.

9. Банкирдің «еркелігі»

Жыл соңына тақағанда Алматыда атышулы банкир Жомарт Ертаевтың соты басталды. Айыптау тарабы Ертаевты 144 миллиард теңгеге жуық қаржыны жымқыруға атсалысқан деп санайды. Бұл ақшаны ол сыбайластарымен келісе отырып, алты жыл ішінде банктен заңсыз шығарып әкеткен. Банктің басқарма төрағасының бұрынғы кеңесшісімен бірге сотта тағы 36 адамның ісі қаралуда. Олардың арасында банктің бұрынғы басшылары да бар. Бұған дейін Ресейге қашып кеткен Ертаев Мәскеуде «қысым көрдім» деп әлек салғанымен, бәрібір Қазақстанға қайтарылды.

10. Бұрынғы вице-министрлердің ісі

Өткен жылдың аяғында Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа «бюджет қаржысын жымқырды» деген күдікпен ұсталды.

Биылғы жылы наурызда Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков, үш айдан кейін осы саланың тағы бір вице-министрі Бақытжан Жақсалиев күдікті ретінде танылды. Шкарупа изоляторға түсті, Сәдібеков пен Жақсалиев – үйқамақта.

Бұрынғы вице-министрлердің соты жүріп жатыр. Күдіктілердің өздері де, адвокаттары да істе шикілік көп екенін мәлімдеді. Үйқамақтағы Ғ.Сәдібековтің сұхбаты Nege.kz порталында жарияланды.

Әділ Ұзақбай

 

Тегтер: