12 Желтоқсан 14:12
...

Бәйбішенің «батасы» керек: Дін Айдарқұловтың көп әйел алуы туралы не дейді?

Тоқал
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстанда көп әйел алу мәселесі қайтадан қызу талқылана бастады. Бұған актер Дәурен Айдарқұловтың екінші әйел алу туралы айтқан пікірі түрткі болды. 

«Жаратушы бізге екі, үш немесе төрт әйелге дейін рұқсат еткен»

Актер Дәурен Айдарқұлов Zamandas подкастында ресми некеде жүріп, екінші отбасы құрғанын айтты. Оның сөзінше, ол бұл туралы бірінші әйелі мен үш баласына алдын ала ескертпеген. Тек екінші әйелі жүкті болғанда ғана хабарлапты. Артынан бірінші әйелімен арада дау-дамай шығып, ажырасқан. 

«Жалпы әйеліңе екінші әйел алатыныңды ескерту қаншалықты маңызды?! Негізі ескерту міндетті емес. Екінші әйел алатыныңды міндетті түрде айту керек деп ойламаймын. Бірақ тоқал алу жоспарда болса, оны қызға үйленбей тұрып ескерткен дұрыс. Ол келіссе, кейінгі қадамдар жеңіл болады. Сенің де арың таза болады. Ал мен өз жағдайымда әйеліме алдын ала айтпадым», – деді ол.

Қазақстан заңына сәйкес, мешітте неке қию үшін жұп алдымен АХАТ-та ресми некеге тұруы керек. Ал актердің айтуынша, некені міндетті түрде имам қиюы шарт емес.

«Қазір мешітте неке қию талаптары күшейді, құжатсыз некелеспейсің. Бірақ некені тек имам қию керек деген қағида жоқ. Діннен жеткілікті білімі бар адам да неке қия алады. Мешітке бару міндетті емес, тіпті осы подкасттың өзінде-ақ неке қиюға болады», – деді Айдарқұлов.

Дін тоқал алуды қай кезде құптайды? 

​Актердің айтқаны қаншалықты орынды және діни тұрғыдан дұрыс? Бұл сұраққа жауап алу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының маманымен сөйлестік. Дін өкілі Елібек Тасболатұлының айтуынша, ислам ер адамға бірнеше әйел алуға рұқсат береді, бірақ бұл құқық қатал шарттармен шектеледі. Егер ер адам тоқал алғаны үшін бірінші әйелі ажырасып кетсе, бұл оң шешім емес. Яғни бәйбішенің «батасы» керек. Маман әйел құқығы дінде ерекше қорғалатынын, жауапкершіліктің өте ауыр екенін ескертті.

«Рұқсат деген сөз ешқашан "қызық үшін" дегенді білдірмейді. Әділдік сақталмаса немесе әйелге қысым жасалса – бұл үлкен күнә. Ер адамның шамасы жетсе, бір әйелге, кейде екі, төрт әйелге дейін үйленуге болады. Бірақ басты шарт – әділдік пен теңдікті сақтау. Егер ер адам әділ бола алмайтын болса, тек бір әйелмен шектелу дұрыс», – деді ол.

Оның айтуынша, «некені діни білімі бар кез келген адам қия алады» деген пікір қате. Шариғат талаптарының сақталуы үшін некені имам қиғаны жөн. 

«Зайырлы елміз, әрбір адамның діни құқықтары қорғалған. Қазір дін жайында көрінген адам айта береді. Сондықтан дін жайында біреу бір нәрсе айтса, халықты сеніп кете бермеуге шақырамыз. Көп адамдар «осылай ойладық, естіген едік» деген секілді шағыммен келеді. Мешіттерде некелесу үшін әке-шеше қолхаты немесе неке куәлік талап етіледі. Біреулер мешіттен басқа жерлерде шариғаттың шарттары орындалмаған некелерді қиып жатыр. Неке қиылғанда не айту керек, не істеу керек деген секілді қатаң талаптары бар», – деп түсіндірді Елібек Тасболатұлы. 

Депутат ұсынысы қайта еске түсті

Айдарқұловтың пікірі қоғамда қызу талқыланған тұста мәжіліс депутаты Абзал Құспанның бастамасы да еске түсті. Ол екінші әйел мен одан туған балалардың құқықтарын қорғау мақсатында тоқал алуды заңдастыру қажет екенін айтқан болатын.

Діни басқарма өкілі Елібек Тасболатұлының пікірінше, бұл мәселе негізінен қоғам мен құзырлы органдардың қарауына байланысты. Өйткені исламда бұл тақырып ашып айтылмаған.