8 Қазан 13:24
...

DMAS: Қазақстанда стрестік активтерді сататын алғашқы электрондық алаң іске қосылды

DMAS
Фото: gov.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова банктер мен микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) стрестік активтерін сатуға арналған алғашқы цифрлық платформа – DMAS-тың іске қосылғанын хабарлады. Сауда-саттық ресми түрде Алматыда өткен Central Asia FinTech Summit 2024 форумы барысында басталды.

Алматы, NEGE. Агенттік басшысы стрестік активтерді сататын алғашқы электрондық алаңды іске қосу Президент Қ.К. Тоқаевтың стрестік активтерді экономикалық айналымға нарықтық негізде қайтару жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясындағы маңызды қадам екенін атап өтті.

«Бүгін біз цифрлық платформада стрестік активтердің алғашқы сауда-саттығын бастаймыз, бұл проблемалық активтерді экономикаға қайтаруға ықпал ететін және инвесторлар арасында сенімнің өсуін ынталандыратын елдің қаржы секторын дамытудағы маңызды қадам», – деп хабарлады Мәдина Әбілқасымова.

Агенттік Төрағасы қаржы реттеушісі банктерді проблемалық кредиттерден арылуға ынталандыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізгенін атап өтті. 2022 жылы нарықтық қағидаттармен стрестік активтер нарығының пайда болуы үшін жағдайлар жасалған болатын. Стрестік активтерді жеке инвесторларға, оның ішінде шетелдік инвесторларға сатып алуға рұқсат етілді. Бұдан басқа, нарықтың барлық қатысушылары үшін тең жағдай жасайтын салық салу режимі қамтамасыз етілді, сервистік компаниялар институты көзделген, банктердің және стрестік активтерді басқару жөніндегі банктердің еншілес ұйымдарының (САБҰ) баланстарында стрестік активтердің болу кезеңі үш жылға дейін қысқартылды.

2017 жылдан бастап қабылданған шаралар нәтижесінде банк секторындағы стрестік активтер 2024 жылғы шілдеге қарай 7,7 трлн теңгеден 3,2 трлн теңгеге дейін төмендеді. Бұл ретте төлем мерзімі

90 күннен аса кешіктірілген кредиттер деңгейі ең төменгі мәнге жетіп, шамамен 1 трлн теңгені құрады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін ағымдағы жылғы маусымда аккредиттелген цифрлық платформалар арқылы ғана стрестік активтерді сатуды көздейтін заң қабылданды. Заңды іске асыру үшін Агенттік цифрлық платформалардың қызметіне рұқсат беру тәртібін, осы платформаларда сауда-саттық өткізу қағидаларын, сондай-ақ ақпараттық және киберқауіпсіздік стандарттарын регламенттейтін нормативтік-құқықтық актілерді қабылдады», - деп толықтырды Мәдина Әбілқасымова.

Агенттік басшысы стрестік активтер саудасын цифрландыру нарықтың ашықтығын қамтамасыз ететін, инвесторларды көбірек тартатын және банк секторын стрестік активтерден тазартуды ынталандыратын маңызды нарықтық тетікке айналатынын ерекше атап өтті.

DMAS цифрлық платформасы стрестік активтермен сауда жасау процесін жеңілдететін және жеделдететін заманауи цифрлық платформа болып табылады. Жүйе кредиттер мен өндірілген мүлікті қоса алғанда, активтердің кең ауқымына қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

Сауда-саттықты автоматтандыру процесті ашық әрі әділ етеді, ал Агенттік бекіткен қағидалар барлық қатысушылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді. Мәмілелер онлайн режимінде ресімделеді, бұл операциялардың ыңғайлылығы мен болжамдылығын арттырады.

Платформаны әзірлеген – Бірінші кредиттік бюро, ол банктік және микроқаржылық активтерді сататын электрондық сауда алаңы операторының қызметін жүзеге асыру құқығына Агенттіктің тиісті рұқсатын алған болатын.